Биыл Шу ауданындағы 7 елді мекенге газ кіреді. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Шу ауданы әкімі Нұржан Календеров айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Аудан бойынша Шу қаласы және 24 ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2020 жылға Шу қаласындағы Қосқұдық мөлтек ауданына және Оразалы батыр ауылының су жүйелері мен су шығару ғимараттарының құрылысына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Көкқайнар, Сауытбек, Ақтөбе, Төле би ауылына кіреберіс сол жақ беткейі, Шу қаласы қант зауыты мөлтек ауданы, Енбекші ауылдарын ауыз сумен қамту жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алу жұмыстары жалғасуда. Көктөбе ауылына ауыз су құбырын жүргізуге қаржы бөлуге бюджеттік өтінім 760,0 млн теңге берілген.
«Қазіргі уақытта, аудандағы 12 елді-мекен толық газдандырылған. Бұл ретте Шу қаласы, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем, Алға, Сауытбек ауылдары бар. 2020 жылы газдандыру жоспарына енгізілген 18 елді мекеннің 5-уі Абай, Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет және Ақтөбеге магистралды газ құбыры салынып, ауыл ішіне ШРП-лар орнатылады. Биыл қалған 7 елді мекен айтар болсақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Ақтасты, Балуан Шолақ, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар бекетіне магистралды газ құбыры салынатын болады» — деді аудан басшысы.