Жамбылдың жомарт түлектері туған ауылдарына тарту жасап жарысуда

0 44

Ш.Ниязбеков ауылындағы (Бұрынғы Бесжылдық ауылы) Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектебінің 1984 жылғы түлектері ауыл кіре берісіне биіктігі 6 метр, ұзындығы 11 метрді құрайтын арка орнатып берді. Ауыл ажарын аша түскен қақпаға 1,5 млн теңге қаражат жұмсалған, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Мектеп түлектерінің күшімен аудандарда көп жұмыстар атқарылуда. Бір ғана Жамбыл ауданында мектеп түлектерінің демеушілігімен жалпы құны 118 миллион теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда олардың демеушілігімен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, Шоқай ауылында 1,5 миллион теңгеге арка тұрғызылса, Шайдана мен Ащыбұлақ ауылында 10 миллион теңгеге спорт кешені мен спорт мұражайы ашылды.
Бұдан бұрын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік транзитінің Бесжылдық елді мекеніне бұрылар тұсында қасиетті көк туымызға арналған саябақ ашылған еді. Қазақстан Республикасы Туының авторы Шәкен Ниязбековтың кіндік қаны тамған елді мекенде мұндай саябақтың ашылуы Мемлекеттік тудың авторына деген елдің құрметі болатын. Яғни, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бұл саябақтың құрылысына республикалық бюджеттен 39 миллион теңге жұмсалып, оны «МадГ» ЖШС табысты аяқтап шыққан. Нәтижесінде жол бойында 15 сотық аумаққа орналасқан тұғырының биіктігі 23 метрді құрайтын Ту орнатылды.
Ал ауыл тұрғындары Кеңес дәуірінен қалған Бесжылдық атауын Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтың атына ауыстыру туралы өтінішті бұдан бұрын бірнеше рет көтерген болатын. Бұл мәселе саябақтың ашылу салтанаты ұйымдастырылғанан кейін, яғни осы жылдың 25 наурызында ономастикалық комиссия отырысында мақұлданып, шешім шығарылған.
Сол қаулының қабылданғанына екі ай өткенде, ауылдың кіре берісінен Шәкен Ниязбековтың есімі жасалған темір арка орнатылды. Оны 2001 жылы осындағы Әзімбек Ысмайылұлы атындағы орта мектепті бітірген, 1984 жылы дүниеге келген мектеп түлектері жүзеге асырды. Осы істің басы қасында жүрген түлектердің бірі Данияр Әлежановты сөзге тартқан едік.
— Біз ауданымыздан елге белгілі азаматтың шыққанын мақтан тұтамыз. Ауылымыз ол кісінің есімін иеленіп, үлкен жолдың бойынан тұғыры биік көк байрағымыз тұрғызылғанда біз қарап жата алмадық. Ауыл әкімі Бақыт Садырбаевқа және ауыл ақсақалдарына ойымызды айтып едік, ол кісілер бірден қолдау білдірді. Сөйтіп бірге оқыған 11 жігіт ортадан қаржы шығарып, осы істі бастап кеттік, — дейді.
Темірмен өрнектеліп, арканың төбесіне тудағы күн мен қыран құс бейнеленіп, оның төменгі жағына Шәкен Ниязбековтың есімін ойып жазған арканы тұрғызуға түлектер 1,5 миллион теңге жұмысапты. Темір дәнекерлеуші де өздерінің ішінен табылған. Арканы Асанхан Төлембаев жұмысына ақы алмастан, достарымен бірлесе қиюластырып, құрастырып шыққан. Ауылдың кіре берісіне қойылған арка сонадайдан мен мұндалап, бұл ауылда қандай азаматтың дүниеге келгенін әлемге паш етіп тұрғандай.
Оның ашылу салтанатына ауыл тұрғындары жиналды. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев сөз алып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

— Мемлекетіміздің айшықты нышандарының бірі саналатын көктудың авторы Шәкен Ниязбековтың есімі ауылға берілгені кеше ғана еді. Бүгін міне арада екі ай өтпей жатып, игі бастаманың жалғасының куәсі болып отырмыз. Бұл сіздердің жерлестеріңізге, Көктудың авторына деген құрметтеріңіз деп білемін. Кеше ғана ауыл іргесінен тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай орнатылған туымыз, бүгін ауылдың кіре берісіне орнатылып жатқан аркамыз, сіздердің рухы биік, бірлігі бекем ел екендіктеріңізді көрсетіп тұр. Бұл нысандардың жас ұрпақ үшін берер тәлім-тәрбиесі ұшаң теңіз боларына кәміл сенемін, — деді ол.
Одан кейін ауыл ақсақалдары Тұрлыбай Әбсаматов, Құлымбет Жүндібаев ізгі тілектерін жеткізіп, Шәкен Ниязбеков есімін иеленген елді мекен әлем танитын ауылға айналсын деп түлектерге, жастарға аталық ақ баталарын берді. Сондай-ақ осы кісілер арканың ашылу салтанатының лентасын қиды. Ал ақ жаулықты әжелер тәттіден шашу шашты.
Бұдан бөлек, түлектер ауылдағы мешіт қасынан асхана құрылысын жүргізуге де өз көмектерін көрсетуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.