Облыс әкімінің бастамасымен аймақта жүзеге асырылып жатқан «Жомарт түлек-2021» жобасы аясында құландық түлектер туған мекенге, білім алған алтын ұя мектебіне ыстық ықыластарын танытуда, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Атап айтар болсақ, Жаңатұрмыс ауылындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебін бітірген 20 жылдық түлектер мектеп кіре берісіне Led экран орнатып, мектеп алды қоршауларын жасауға көмектесіп, 100 000 теңге көлемінде ІТ Кабинетін безендендірсе, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің түлектері өздері оқыған мектептің қақпасын заманауи құрылғылармен орнатып, әлеуметтік жағдайы төмен 5 отбасына қайырымдылық көмек көрсетіп, мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Бұдан бөлек, осы жылы түлеп ұшқан түлектер аудан орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектебіне «Open space» кабинетін ашып, алтын ұясына сый жасаған.
Мұндай игі бастама мектеп жастарының түлектермен кездесуіне ұласып, өмірлік тәжірибесімен бөлісу арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғауда.
Шара барысында аудандағы 38 мектептің ішінен 30 білім ордасының әр жылдарда бітірген түлектері өзі оқыған білім ордасына түрлі сыйлықтарын табыстауда.
Ауданында мектептен түлеп ұшқан азаматтар жылдар жылжыса да, өнегелі іс жасап, өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. «Туған жерге туын тігіп», азаматтық іс жасаған түлектер осындай қайырымы мол, игі істі жалғастырып келе жатқан түлектердің бастамасы өзгелерге үлгі боларына сенім мол.