«Жомарт түлек» Шу ауданына тарту жасады

0 9

Қонаев ауылдық округіндегі Төле би атындағы орта мектебінде Махмұт Базарқұлұлы Шу ауданына өзінің, сондай-ақ «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» мен «Nur Otan» партиясының атынан кәдесый ретінде сәлемдемелер жолдады. Тарту-таралғыны Елбасы Кеңсесінің жауапты қызметкері Санжар Әлиев астанадан арнайы келіп тапсырды, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасына сәйкес жуырда ғана ауданда онлайн-форматта «Жомарт түлек» форумы өткен болатын.

Айта кетейік, қатысушыларға форумда Елбасы сәлемін жеткізген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков жерлестеріне жүрекжарды лебізін арнап, туған өлкесінің өркендеуіне тілектестігін білдірген еді.

Салтанатты шарада әуелі аудан басшысы Нұржан Календеров сөз алды:

— Өңірімізде бастау алған «Жомарт түлек» жобасына алғашқылардың бірі болып қосқан қомақты үлесі үшін Махмұт Базарқұлұлына алғысымды білдіремін! Биылғы 30 жылдығын атап өтіп жатқан ел тәуелсіздігінің жеткен жетістіктері мен табыстарының түбінде туған топырағын қадірлеген еңбек адамадарының қажырлы қайраты мен азаматтық белсенділігі жатыр. Өзінің туып өскен өлкесін ұмыт қалдырмай аудан халқына жасаған игі бастама кейінгі буынға үлкен үлгі болары сөзсіз. Ауыл жастарына кітап сыйлау олардың зейінін ашып, сауатын арттыруға сеп болады деп білемін. Ауданымыздың жомарт түлегі Махмұт Базарқұлұлына алдағы уақытта да білім-білігі мен әлеует-қуатын еліміздің абыройын асырып, беделін биіктету жолына арнай берсін! — деді.

Аманат арқалап жеткен Санжар Жұматайұлы көпшілік алдында сөйлеген сөзінде «Жомарт түлек» форумының өте жақсы ойластырылған идея және игі іс-шара екенін атап өтіп, аудандағы еріктілер мен белсенді жастарды ынталандыру үшін оларға арнайы тігілген күртешелер мен кеудешелер табыстады. Оған қоса аудандық кітапханаға көркем әдебиет жанрындағы және қоғамдық-саяси мазмұндағы 500-ден астам түрлі кітап әкелінді.

Сондай-ақ, ауданда өткен түлектер кездесуінде Махмұд Қасымбеков Нұр-Сұлтан қаласынан бейнебайланысқа шығып, С.Сейфуллин атындағы мектептің 1969 жылы бітірген түлектерінің атынан жағдайы төмен отбасыдан шыққан, алайда оқу үлгерімі жоғары 2 оқушыға Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өздері қалаған кез келген мамандықта білім алуға мүмкіндік беретін грант тағайындайтындығын жеткізген болатын.

Осылайша, «Жомарт түлек» форумы республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген жүрегі кең, қолы ашық жерлестеріміздің сауапты сәлемдемелерін жеткізген игі шара ретінде Шу ауданы жұртшылығының көңілін бір серпілтіп, көңілдерді шуақтандырып тастаған шын мәнінде жарқын оқиға болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.