Талас ауданында төрт көпқабатты үй жаңғыртылудан өткізілуде

0 4

Қаратау қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1 миллиард 680 миллион теңгеге 4 нысанның құрылысы жаңғыртылуда. Бұдан бөлек, 3 көпқабатты үйдің жертөлесін, инженерлік жүйелерін, кіреберістерін және ауласын жөндеу үшін 121 миллион теңгеге құжаттары рәсімделіп өткізілген, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Талас ауданында көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Қаратау қаласында өткен жылы үшінші шағын аудандағы №5 және №6 жатаханаларды 30 миллион теңгеге және Б.Момышұлы көшесіндегі №17 тұрғын үйді 25 миллион теңгеге жекеменшіктен мемлекеттік коммуналдық меншікке сатып алып, аудан қазынасынан 17 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаты әзірленген.

Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің айтуынша, ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1 миллиард 680 миллион теңгеге 4 нысанның құрылысы жаңғыртылуда. Алдағы жылы 4 қабатты тұрғын үйді сатып алуға 100 миллион теңге бюджеттік өтінім берілген.

Биыл көпқабатты үйлерді одан әрі жаңғырту мақсатында республикалық бюджетке Ә.Молдағұлова көшесі №59, Б.Момышұлы көшесі №9 және үшінші шағын аудандағы №20 көпқабатты үйлердің жертөлесін, инженерлік жүйелерін, кіреберістерін және ауласын жөндеу үшін 121 миллион теңгеге құжаттары рәсімделіп өткізілген.

«Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын 2011-2020 жылдарға жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында да біраз шаруа атқарылған. Атап айтсақ, барлығы 30 көпқабатты тұрғын үйге жалпы жобалық-сметалық құны 231083561 теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.