Байзақ ауданында жобалық құны 54 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба іске асырылмақ

0 5

Байзақ ауданында жобалық құны 54 миллиардтан астам теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны 2021-2025 жылдар аралығында іске асыру жоспарланған, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 миллиард 995,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда – 100,7 пайызды құраған. Мамыр айының қорытындысымен — 5 миллиард 684,9 миллион теңге болады деп күтілуде.

Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркін Нахимовтың айтуынша, аудан бойынша көлемі 54 миллиардтан астам теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны 2021-2025 жылдар аралығында іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, құны 52 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба «Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында облыстың индустриаландыру картасына енгізілген. Осы жобалар аясында 1107 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Бұл жобаларды ЖК «Л.Жабатаева», «GRAND FOODS PREMIUM» ЖШС, «Алель Агро» АҚ, «КАРАГАНДА АГРОИНВЕСТ-Т», «DairyFreshFarm» және «Көкжиек» ЖШС іске асырмақ.

Қазіргі таңда жеке кәсіпкер «Л.Жабатаева» көкөніс консервілеу цехы мен сыйымдылығы 3 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы құрылысын өз қаражаты есебінен салуда. «GRAND FOODS PREMIUM» (Бурыл а/о.) ЖШС болса жеміс пен көкөністі өңдеу және консервілеу цехының құрылысы мен өндірістік жабдықтарын сатып алуда. «Алель Агро» АҚ Жамбыл облыстық филиалына Темірбек және Көптерек ауылдық округтерінен әрқайсысы 75 гектар болатын, 150 гектар жер телімі бөліп берілді. Бұл акционерлік қоғам үстіміздегі жылдың екінші жартысында «Құрама жем кешенді зауытын» іске қоспақ. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтары орнатылуда.

Сондай-ақ «КАРАГАНДА АГРОИНВЕСТ-Т» ЖШС-де (Ботамойнақ а/о.) «Агроөнеркәсіптік кешен» құрылысын 2022 жылы іске қосу жоспарланған. Ал «DairyFreshFarm» (Көптерек а.о.) мен «Көкжиек» ЖШС-рі (Көптерек а.о.) 600 басқа арналған сүтті тауарлы фермаларының құрылысын 2022 жылы аяқтағалы отыр.

Ауданда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2021жылдың 4 айында құны 831,3 миллион теңгені құрайтын 52 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды дамыту тетігі бойынша «Қаз Экофрукт» ЖШС мен «СПК Вита-фрут-Тараз» ЖШС алма бақтарына инфрақұрылымды жеткізу бойынша құжаттары қарастырылуда.

Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2019-2021 жылдар аралығында барлығы 30 жоба қаржыландырылды. Аудан бойынша 2021 жылдың есепті кезеңге 408 азамат 448,3 миллион теңге шағын несие алып, жұмыс істеуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.