Ұлт денсаулығы — «Nur Otan» партиясының басты бағыты

0 3

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанынан құрылған Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысы өтті, — деп жазады “Zhambylnews” ақпарат агенттігі.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Г.Нұрымова, партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары М.Мәтен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ә.Қалиев және кеңес мүшелері қатысты.

Кеңес отырысында партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасында белгіленген денсаулық саласы бойынша көрсеткіштердің орындалу барысы, ана мен бала өлімі деңгейін төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері қаралды.

Алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ә.Қалиевтың алты айда атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды.

Өңірлік Жол картасында денсаулық сақтау саласына қатысты 12 тармақ белгіленген. Қазіргі таңда оның біреуі орындалды. Сондай-ақ, Ә.Қалиев аймақта ана және нәресте өлімі туралы да айтып өтті. Биылғы жылы өңірде 3 ана өлімінің жағдайы тіркелген. Ал нәресте өлімі бойынша өткен жылдың алты айында облыс бойынша 80 нәресте шетінесе, биыл бұл көрсеткіш 117-ге жеткен.

Бұдан бөлек басқарма басшысы денсаулық саласындағы маман тапшылығы, жасөспірімдер арасында ерте жүктілік, жасанды түсік жасату мәселелері туралы баяндады.

Кеңес барысында Мәжіліс депутаты Г.Нұрымова халықтың әл-ауқатын арттыру Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі екендігін атап өтіп, сайлауалды бағдарламаның Жол картасындағы көрсеткіштерді өз деңгейінде орындап, назарда ұстау керектігін атап өтті.

Отырыс соңында кеңес мүшелерінің ұсыныстары қабылданып, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.