Жуалы ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында төрт үйдің құрылысы басталды

0 0

Биыл «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Жуалы ауданында 13 аз қамтылған жəне көпбалалы отбасыны баспанамен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда төрт үйдің, атап айтсақ Ақтоған, Тасбастау, Диқан және Б.Момышұлы ауылдарында демеушілердің көмегімен құрылысы басталған, — деп хабарлайды “Zhambylnews” ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ, Көкбастау және Шақпақ ауылдық округінде екі үй күрделі жөндеуден өткізілуде. Жетітөбе ауылдық округінің Тасбастау ауылында ауыл тұрғындарының күшімен бір үйдің іргетасы қаланған. Бүгінде бұл жоба ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын арттыра түскен.

Жоба аясында өткен жылы бұл ауылдық округте екі бірдей үй күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген болатын. Биыл жергілікті қоғамдастықтың кезекті жиынында ауыл тұрғындары Лилия Царскихке үй салып беруді бірауыздан қолдаған. Сол шешімнің негізінде бүгінде қаражат жиналып, жаңа үйдің құрылысы басталған.

— «Асар» бұрыннан келе жатқан елдің ауызбіршілігін арттырып, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсететін дәстүр. Лилия жұмыссыз, әрі оның тұрмысы төмен. Оның үш жасқа толмаған қызы бар. Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алады. Ата-анасы да өмірден озған. Бұл үйде оның атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Пархоменко тұрған. Ардагердің ауылды дамытуға қосқан үлесі мен еңбегі өте зор болатын. Бұл үй шамамен 1950 жылдары салынған. Бүгінде бұл үйдің қабырғасы опырылып, жарылып тұр. Іші де ескірген. Көпшіліктің атсалысуымен биыл Лилияға үш бөлмелі баспана салып, пайдалануға беретін боламыз. Қабырғасын қыстан қалау үшін ауыл жастары балшық илеп 3000 кірпіш құйып, кептіріп қойды. Бір-екі күнде қабырғасы қаланбақ, – дейді ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев.

Қазіргі таңда Ақтөбе ауылдық округінің Ақтоған ауылында Дамир Надыршинге арнап салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысы 70 пайызға аяқталып қалыпты. Оның құрылыс жұмыстары жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен ағымдағы жылдың наурыз айында басталып, тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр екен.

– Қазіргі таңда үш бөлмелі тұрғын үй тұрғызылып, есік-терезелері салынды. Іші-сырты сыланып, әктелген, жылу жүйесі жүргізілген. Құжаттарын заңдастырып, үйді электр желісіне қосқалы жатырмыз. Жалпы аумағы 64 шаршы метрді құрайтын баспананы тамыз айында әлеуметтік аз қамтылған Надыршиндер отбасына тапсырмақ ниеттеміз, – дейді ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралапов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.