Талас ауданында көпбалалы ана дүкен ашты

0 5

Таластық көпбалалы ана Замира Әбіш «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 4 пайыздық жеңілдікпен 2,8 миллион теңге несие алып, дүкен ашып, кәсібін бастаған, — деп хабарлайды “Zhambylnews” ақпарат агенттігі.

«Еңбек» бағдарламасы аясында өткен жарты жылда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 45 өтініш иесінің сұранысын қанағаттандырып, оларға 161,4 миллион теңге несие беріпті. Оның ішінде құны 120,9 миллион теңгені құрайтын 36 жоба оң қорытынды алған. Сондай-ақ құны 43,5 миллион теңгені құрайтын 9 жоба қаралу үстінде.

Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Агрокредиттік корпорация» АҚ-лары, «Әулие-Ата несие серіктестігі» жергілікті жеке кәсіп субъектілерімен қаражат мәселесін шешіп беру бойынша жұмыс істеп жатыр.

Аталған бағдарламаның қолдауына ие болғандардың бірі – Нұрғали Ескенов. Ол өз үйінің іргесінен дүкен салып, кәсібін бастады. Ойындағы істі жүзеге асыру үшін Нұрғалидың жұбайы Замира көпбалалы ана ретінде қаржы ұйымынан 4 пайыздық жеңілдікпен 2,8 миллион теңге несие алып, армандарын жүзеге асырған.

Кәсіпкердің алға қойып отырған мақсаты – бастаған істі жарты жолдан тастап кетпей, ірі сауда орталығына айналдыру.

— Күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері – ең өтімді тауарлардың бірі. Сондықтан, жұбайым екеуміз саудамен айналыссақ деп шештік. Дүкенді ашқанымызға бір айға жуықтап қалды. Оған «Самал» деген атау бердік. Саудамыз да енді реттеліп келеді. Алынған қаражат есебінен сөремізді сұранысқа ие азық-түлікпен толықтырдық. Бағасы да ауыл тұрғындары үшін қолжетімді. Жалпы жұрт сапасы жоғары, тауары көп дүкендерге келеді емес пе? Біз де тауарымыздың көп болуы мен сапасына көңіл бөліп келеміз, — дейді Замира Әбіш.

Leave A Reply

Your email address will not be published.