Бүгін елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтуде. Бұл маңызды саяси науқанда тұрғындар ауыл әкімдерін өздері таңдамақ. Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы №197 сайлау учаскесіне тұрғындар келіп, өз таңдауларын жасауда, — деп жазады “Zhambylnews” АА.
Аталған сайлау учаскесі №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте орналасқан. Көлбастау ауылында 2342 сайлаушы бар. Үш дауыс беру кабинасы әзірленген. Оның біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Санитарлық талаптарға сай комиссия мүшелері арақашықтықты сақтап, медициналық қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, сайлаушылардың топтасып жүрмеуі үшін екі жерден кіру есігін ұйымдастырған. Мектептің кіреберісінде медбике сайлаушылардың дене қызуын өлшеп, ішке кіргізуде.
Сайлауда ауыл тұрғындары белсенділік танытып, сайлау учаскесіне келіп, ауылдың өсіп-өркендеуі үшін өз таңдауларын жасауда. Бұл көшті ауыл ақсақалдары бастап, жастарға үлгі болуда. Алғашқылардың бір болып, Қарасай батыр көшесінің тұрғыны Бекболат Өтегенов пен Байтоқов көшесінің тұрғыны Әскербек Сыдықов сынды қарияларымыз өз таңдауын жасаған.
— Бүгін біз алғаш рет өз ауылымыздың әкімін таңдап, сайлауына қатысудамыз. Бұл саяси науқан Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен басталып, іске асырылуда. Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені, әр ауылдың тұрғыны өзінің жергілікті басшысын сайлап, онымен тікелей байланыста жұмыс істеуі керек. Біз өз таңдауымызға сенеміз. Ауыл әкімі ел мүддесі үшін еңбек етуі тиіс. Қариялар да сайланған жаңа әкімге алдағы уақытта қолдау көрсетіп, бірлесіп осы елді мекеннің гүлденуі үшін күш жұмылдыратын боламыз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген жақсы сөз бар. Әкімнің халқына жақын болуы үшін де оны тұрғындары өздері таңдауы тиіс. Біз алдағы уақытта қариялардың атынан халық таңдаған ауыл әкіміне сәттілік тілейміз! — дейді қос қария.