Жуалы ауданында электр желілері мен бағандары ауыстырылуда

0 27

Жуалы ауданында электр желілері мен бағандары ауыстырылуда, — деп жазады “Zhambylnews” АА.

Ауданның бірқатар елдімекендерінде тұрғындар тарапынан энергетика саласындағы электр бағандары мен сымдарының тозығы жетуі салдарынан ауа-райының қолайсыз мезгілдерінде электр жарығының өшіп қалуына немесе кернеуінің төмендеп кетуіне қатысты арыз-шағымдар жиі айтылатын. Осы аталған мәселені шешу үшін ескірген электр бағандарын жаңасына және қосалқы электр станцияларын қуаты жоғарысына айырбастау қажет еді.

Аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсеновтың айтуынша, биыл 10 кВ әуе электр желісінің 13,7 километрі күрделі, 104,5 километрі ағымды, ал 0,4 кВ әуе желісінің 15,7 километрі күрделі, 110 километрі ағымды жөндеуден өткізілуде. Бүгінде аталған әуе желілеріндегі жөндеу жұмыстары 35-40 пайызға орындалып отыр. Сондай-ақ 0,4 кВ КТП-10 қосалқы станциясының сегізін күрделі жөндеуден өткізу көзделген болса, бұл жұмыстар 44 пайызға, ағымды жөндеу жоспарланған тағы сегізінің ағымды жөндеу жұмыстары 42,1 пайызға атқарылды. Электр желілеріндегі жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Тұрғындардан электр қуатына шағымдар жиі түсетін таулы өңірдегі Қошқарата және Көлтоған ауылдары арасындағы 35/10 кВ қосалқы станциясындағы байланыс фидері бойынша Боралдай ауылдық округіндегі Рысбек батыр ауылындағы 0,4 кВ ӘЖ-дегі, КТП 108, 235 қосалқы станцияларындағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал жоғарыда аталған екі қосалқы станциядағы тіреулерді айырбастау астық жинау науқаны аяқталғаннан кейін орындалатын болады.

Тұрғындардан кернеудің төмендігіне қатысты арыз-шағымдар қабылданып, кернеуді қалпына келтіру, жоғарылату жұмыстары 6 ауылдық округте жүргізілуде.
Қазіргі таңда Боралдай ауылдық округінің Рысбек батыр, Көлтоған, Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ елді мекендеріне баратын ВЛ-10 кВ желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге, аудан орталығымен іргелес Көлбастау ауылының Д.Қонаев, Ә.Байтоқов көшелеріндегі төмен кернеулікті қалпына келтіру үшін №15 КТП қосалқы станциясын Д.Қонаев көшесіне ауыстыру жоспарлануда. Оған қоса Жетітөбе ауылдық округінің Майбұлақ ауылындағы төмен кернеулік мәселесі де жоспарға енгізіліп отыр.

— Жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстарды орындап шығуға тырысамыз. Одан бөлек, аудан орталығындағы ұзындығы 27,3 километрді құрайтын 220/35/10 кВ «Бурное» қосалқы станциясының 10 кВ әуе желісін бағандарға шығып, тексеріп қарайтын боламыз. Өткен жылғы жөндеу жұмыстары барысында 0,4 киловольтты әуе желісінде 22 бағана, 10 киловольтты әуе желісінде 33 бағана және 65 дана темірбетон тіреуіштер ауыстырылса, биыл жалпы саны 498 тіреу айырбасталмақ. Одан бөлек, шіріген 10 ағаш тіреуді темір бетонға айырбастау жоспарланып отыр. Аталған жұмыстармен қат-қабат ауыл көшелеріндегі жарықтандыру жүйесі де жаңғыртылатын болады, — дейді Рабат Полатұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.