Жуалы ауданы жем-шөп тапшылығын құнарлы мал азығын дайындау арқылы шешпек

0 4

Жуалы ауданы жем-шөп тапшылығын құнарлы мал азығын дайындау арқылы шешпек, — деп жазады “Zhambylnews” АА.

Еліміздің өзге өңірлері сияқты Жуалы ауданы да мал азығының тапшылығы сезінуде. Бұл бір жағынан, көктемде жауын-шашынның аз түсуімен байланысты болса, дәл орақ науқаны басталған тұста шөптің өзге өңірлерге тасымалдануы бір жағынан бағаның өсуіне сеп болуда. Осыдан барып шөп тапшылығы шөбі шүйгін ауданның өзінде де сезілуде.

Бұл – нарықтың заңы. Осыған байланысты мал азығының берік қорын жасау үшін басқа да әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланған жөн. Бұл маңызды мәселе аудан әкімі Олжас Қаржауовтың да тұрақты назарында. Ол ауданға әкім болып тағайындалғалы бері мал азығы және жайылым мәселелерін шешу мақсатында шаруашылықтарға ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігудің маңыздылығын айтып, ауылдық округтерде сүрлемдік жүгері алқаптарының көлемін ұлғайтуды ұсынуда. Бұл жұмыс өз кезегінде сапалы әрі құнарлы мал азығын дайындауға мүмкіндік бермек.

— Қазір ауданда шөп ору науқаны қарқынды жүруде. Мал азығы дақылдары ауданда 32 920 гектарда орналасқан. Атап айтсақ, көпжылдық шөп – 28470, жаңа егілген жоңышқа – 3700, сүрлемдік жүгері – 750 гектар алқапқа орналастырылған. Ағымдағы жылы 135 мың тонна пішен, 11 мың тонна пішендеме,12 мың тонна сүрлем және 16 мың тонна сабан дайындау жоспары тұр. Бірінші кезекте шаруалар тарапынан пішендеме дайындау басталып, 23420 гектар жоңышқа алқабы орылып, нәтижесінде 8 772 тонна пішендеме және 77 104 тонна шөп дайындалды. Шөп бағасына келер болсам, қазіргі таңда шаруашылықтардың егістік алқаптарының басынан тайланған шөптің бір бауы 1000-1200 теңгеден өткерілуде. Сапалы мал азығын (пішендеме, сүрлем) дайындау мақсатында аудан көлемінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, биыл бес кооперативтің тарапынан 127 гектар алқапқа жүгері егілді. Агротехникалық шараларды сақтай отыра, жыл аяғына дейін 7000 тонна сүрлем дайындалмақ. Қолда бар 270 мың мал басына қажетті жемшөп дайындау үшін дақылдар бойынша техникалық карта жасалып, шығындары анықталып, мал азығының балансы дайындалды. Негізінен сүрлемдік жүгері көп егілсе, шаруашылықтар мал азығынан қысылмайды, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов.

«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» демекші, біріккен істе берекенің болары сөзсіз. Аудан шаруашылықтары мал азығының тапшылығын қожалықтар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігу арқылы шешуге болатынына көздері жетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.