Шу ауданынан Сыр еліне 2000 түк шөп жіберілді

0 1

Шу стансасынан 2 мың бау шөп тиелген 2 вагон Сыр еліне жіберілді. Бұл игі шара Шу ауданы әкімдігінің және аудандық фермерлер қауымдастығы мен шаруа қожалықтарының ұйымдастыруымен өткізілді, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Батыстағы қуаңшылық бүкіл елді алаңдатты. Оның ішінде Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғындары да шама келгенше әрекет етіп, көмегін жолдап жатыр.

Шу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Әлихан Балқыбековтың ұйымдастырумен аумақтағы шаруа қожалықтар да игі іске жұмылдырылған. Осы арқылы Шу ауданының жанашыр азаматтары, белсенді тұрғындары ұсынған көмек Қызылорда облысы Сексеуіл ауылына жіберіліп отыр.

— Бүгінгі игі акцияға аудандық шаруа қожалықтары, фермерлер қауымдастығы, аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» фракциясының мүшелері, ерікті азаматтар, аудан тұрғындары үлес қосып отыр. Ол кісілерге айтар алғысым шексіз! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осылай «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ» біз алмайтын асу, біз жеңбейтін қиындық болмайды! Шөп жинау үшін аудан бойынша 2 820 шаруа қожалықтары ұйымдастырылып, 2 мың баудан астам шөп жиналды, – дейді Шу аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Мәлік Жұмағұлов.

Шөпті жинауға және артуға ауданның еріктілері, белсенді азаматтары, жас отандықтар және тұрғындар көмек көрсетуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.