Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Жуалыда

0 9

Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Расул Махмұдұлы Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, Шақпақата ауылдық округінде құрылысы жүріп жатқан «Қаралма» тау-шаңғы туристік базасын көрді, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Сондай-ақ, аппарат басшысы аудандық орталық аурухананың жұмысымен, жалпы індетке байланысты аудандағы эпидахуалға, вакцинациялау процесінің қалай жүріп жатқанына және ауруханадағы дәрі-дәрмектің қорына назар аударды. Коронавирус індетінің таралмауын болдырмау, сақтық шараларын барынша сақтау жөнінен жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Расул Махмұдұлының ерекше назар аударған мәселесі, вакцинациялауға жататын жергілікті тұрғындардың екпе алу процесін жеделдету жайы болды. Олай етпеген жағдайда, тиісінше індет жұқтыру деректері көбейген үстіне көбейе бермек.

Бұдан кейін ол аудандық полиция бөлімінде, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында (ЦОН), халықты жұмыспен қамту орталығында, жылжымайтын мүлік жөніндегі бөлімде болып, мұндағы мамандардың қызмет көрсету процесін өз көзімен көрді. Сервистік әкімдіктің жұмысымен де жақынырақ танысты.

Жұмыс сапары аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында актив жиналысымен қорытындыланды.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ауданның 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен даму динамикалары туралы баяндады. Ал аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова өзі жетекшілік ететін салаларының жұмысы туралы баяндаса, аудан әкімінің аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Серік Қойбақов мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы мен тиісінше, мемлекеттік қызмет көрсетудің жайы туралы кеңінен баян етті.

Жиынды қорытқан облыс әкімінің аппарат басшысы Р.Медетов соңғы алты айдың қорытындысымен Жуалы ауданында оң динамиканың байқалып отырғанын, дегенмен бірқатар салаларда кемшіліктердің де бар екенін тілге тиек етіп, жалпы Жамбыл облысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың берген тапсырмаларының мерзімінде және сапалы орындалуы қажеттігін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.