Жамбыл ауданының әкімі құрылысты баяу жүргізген мердігерді сынға алды

0 0

Бүгін Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев оқу жылының басталуына орай білім ордаларының жай-күйін көрді. Ауданда биыл 6 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Олардың құрылыс жұмысына 590 миллион теңге бөлінген. Оның 4-еуіне «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 309 млн теңге, 2-еуіне облыстық бюджеттен 281 млн теңге қарастырылған. Бұдан бөлек 12 мектепке ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 113 млн 438 мың теңге аударылған, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.

Аудан басшысы Өрнек ауылындағы Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстармен танысты.

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының аудандық білім бөлімінің инженер-құрылысшысы Бақытжан Шабанбаевтың
айтуынша, құрылыс жұмыстарын «ЖанатасҚұрылысСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған, оған қазынадан 143 млн 321 мың теңге бөлінген. Бұл қаражатқа мектептің шатыры, электр желілері, еден ағаштары, есіктері жаңасына ауыстырылып, ішкі бөлмелері толықтай әрлеу жұмыстарынан өтетінін, жұмысқа жергілікті 35 азамат тартылғанын айтты.

1960 жылы пайдалануға берілген білім ошағы 620 оқушыға шақталған. Оның жанында жеке ғимараттағы «Мейірім» шағын орталығы мектепке дейінгі 50 баланы қабылдай алады.

– 6 педагог 491 оқушының зейінін ашуда. Жалпы мектепте кабинеттер саны 23, сондай-ақ спорт зал, мультимедиялық сынып, кітапхана, оқу шеберханалары бар. Ауыл маңындағы Жұма стансасының 30-ға жуық оқушылары тасымалданып оқытылады. Әжетханасы мектеп ішінде орналасқан. Бірақ құрылыс тым баяу жүруде. Мердігер өкіліне көмек көрсетуді ұсынсақ, қабыл алмай отыр, – деді мектеп директоры Рина Жұмаділова.

Расымен, тоқталып кететін жайтар баршылық. Мектеп аяқталуы мерзімінен әжептеуір қалып келеді. Ғимаратта жұмыс істеп жүрген адамдар қатары аз. Мұны аралау барысында аңғарған аудан әкімі Сәкен Арубаев:

– Алғаш құрылыс басталған кезде құрылысты тамыз айының ортасында аяқтаймыз деп уәде берген едіңіз. Мен сол сөзіңізге сенген едім. Бірақ сенімге селкеу ұялату бүгінгі күнің қалыпты жағдайына айналған секілді. Жұмысшылар санын көбейту керек. Алғашқы қоңырауға дейін құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтаңыз. Жуық күндері қайта тексеретін боламын, – деп тапсырма берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.