Жамбыл аудандағы егін алқабының басым көпшілігі Айшабибі ауылдық округі аймағында орналасқан. Аптап ыстық пен қуаңшылықтың салдарынан егілген өнімдер қандай жағдайда екенін білу мақсатында аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, аппарат басшысы Қуаныш Қарашолақов пен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Амангелді Әбдібеков Айшабибі, Гродиково ауылдық округтеріне қарасты егіс алқаптарының жай-күйімен танысты.
Әуелі басшылар «Шінәлиев А.» шаруа қожалығының 30 гектарға отырғызған пісте алқабын көрді. Онда пісте бітік өскен, берген өнімі де көңіл толарлық. Ал, тамшылатып суару арқылы егілген «Адем-Агро» шаруа қожалығының 32 гектар пияз алқабы көз сүйсіндіреді. Қожалық иесі Әзірет Мұсаевтың айтуынша, жиын-терін кезінде гектарынан 120 тоннаға дейін өнім алуға болады.
Бұдан кейін алқалы топ «Азамат» шаруа қожалығында болды. Онда олар 7 гектар жерге егілген алма, өрік талдарының жайын көрді. Бұл алқапқа су жақсы келгенімен, жұмысшылар электр жарығының жоқтығына қапалы. Қожалық иесінің айтуынша, алқаптың қасындағы 20 гектар жер бос жатыр. Келесі көктемнен бастап ол жерге құлпынай, таңқурай секілді жеміс-жидек ағаштарын отырғызуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ «Байелі» ШҚ-ның 20 гектар жүгері алқабын, Гродиково ауылдық округіне қарасты «Сандель-Агро» ШҚ-ның 160 гектар сүрлемдік жүгері алқабын аралап көрген топ қожалық басшыларының ұсыныстарын назарға алды.
Бұдан кейін топ 3100 гектарды суарып отырған «Райс» каналының басына барып, жөнделген лотоктардың жайын бақылады. «КазСуШар» мемлекеттік мекемесі Жамбыл облыстық филиалы Аса өндірістік бөлімшесіне лотокты кеңейтіп, ретке келтіру жұмыстарын жандандыру жөнінде қажетті ұсыныс жолданатынын мәлімдеді.
Келесі күні аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзеевамен бірге округке қарасты «Шарипов» шаруа қожалығының 80 гектар картоп алқабын көрді. Мұнда жиын-терін науқанының аяқталуына бір күндік жұмыс бар екен. Гектарынан 13-15 тонна өнім алынған.
– Судан тапшылық көрмегенде бұдан да жақсы өнім алуға болатын еді, – деді алқап басындағы бригадир.
Сол сияқты 220 гектарға қызылша орналастырылған алқап та судан таршылық көруде. Бұл алқаптар негізінен кіші Аса өзені арқылы суарылса, бүгінде бұл өзен суы тартылып қалған. Дегенмен, бастапқы судың жақсы болуынан өскіндер жайқалып тұр.
Егістіктерді аралаған топ өкілдері келешекте шаруаларды қиындыққа ұрындырмайтын амалдарды қазірден жоспарға енгізуді назарға алды.