Гродеково ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

0 0

ZHAMBYLNEWS — Жамбыл ауданның аумақтық даму жоспарына сәйкес Гродеково ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Айтулы шараға аудандық төтенше жағдай, №6 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.

Аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ерлан Сазымбеков сап түзеген қызметкерлерді өздеріне жүктелетін міндеттерден құлағдар етіп, мән-жайды кеңінен баяндады. Қызметте жүргенде немқұрайлылыққа жол беруге болмайтынын, күнделікті санитарлық тазалықты, карантин талаптарын сақтау керектігін қадап айтты.

Ал, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Расул Сұлтанов:

«Гродиково ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы біздің аудан үшін маңызды оқиға. Округ маңында өрт қаупі жоғары. Аудан орталығынан өрт сөндірушілер келем дегенше, қауіптің бетін қайтара алмауымыз мүмкін. Сондықтан да бұл мәселе бұрыннан көтеріліп келе жатқан. Енді жаңа өрт сөндіру бекеті қала маңындағы ауылдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деген сенімдемін», – деді.

Жаңадан ашылған өрт сөндіру бекеті Гродиково, Қызылқайнар, Полатқосшы ауылдық округтеріне қызмет көрсететін болады. Бекет қажетті құрал-жабдықтармен, арнайы техникамен жарақталған. Онда 7 штаттық қызметкер мен өрт сөндіру техникалары бар. Барлығы да өрт сөндіру-техникалық қару, жауынгерлік киім және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.

Өрт сөндіру көлігі облыстық төтенше жағдайлар департаментінен берілген.
Нысанның ашылуына байланысты азаматтық қорғау қызметкерлері оқу-жаттығу жиынын өткізді. Төтенше жағдайда өртті сөндіру бойынша әдістемелік-тактикалық жаттығуларды орындады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.