МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ МӘНІ ЖОҒАРЫ

0 0

Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынды. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынып, ел игілігіне берілді, түрлі бағдарлама негізінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы ел дамуы үшін мәдениеттің де озық деңгейде дамуы қарастырылды.

Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда, төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасына бақ пен береке ұялаған, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі саналған қасиетті Құлан жерінде де мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсаттарын көздейді. Аудан халқының мәдени, рухани талап-тілегін қанағаттандыру жолында мәдени-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырубағытында барлығы 53 мәдениет ошағы тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде. Олар «Мэлс Өзбеков атындағы» аудандық мәдениет үйі, «Сұлутөр» кинотеатры 7 ауылдық мәдениет үйі мен 13 ауылдық клуб және  31 кітапхана.

Сонымен қатар, ауданда халықтық атағы бар 5 ұжым бар. Олар «Б.Битанов» халық театры, «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі, «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблі, «Әдемі» халықтық ән-би ансамблі, «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі.

2021 жылдың 7 айында 751 мәдени көпшілік іс-шара өткізілген. Оның ішінде 199 онлайн іс-шара. Қалған іс-шаралар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген.

Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп кітап оқуға насихаттайды. Бүгінгі күні ауданның кітап қорында 215908 дана кітап бар, оның ішінде мемлекеттік тілде 146198 дана. Кітап берілімі – 78419 дана, оқырман саны 7789 адам.

Мұның өзі ауданның дамуының бір көрсеткіші. 

Мөлдір Тастанбек 

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.