Мәден Мұсаев Бірлік ауылының тыныс-тіршілігімен танысты

0 17

Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылы кезінде аудан орталығы болған, бүгінде 2 мыңнан аса әртүрлі ұлттың өкілдері тұратын үлкен елді мекеннің бірі. Үлкен жолдың бойына орналасқан ауыл жыл өткен сайын көркейіп, мал мен бірге суармалы егістікті игеруге деген құлшыныс артты. Аудан әкімі М.Мұсаев аталған ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

Бірлік ауылы биылғы жылы тіректі, әлеуеті жоғары елді мекен ретінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасына еніп отыр. Осы жоба бойынша биыл ауылда жобалық сметалық құны 322,3 млн. теңге тұратын спорттық сауықтыру кешені, Шакиров, Биназар, Ақылбеков, Жайлаубек, Рысқұлбеков, Ташенов көшелерін жөндеу, 2023 жылы «Ақбөпе» балабақшасы мен Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, футбол алаңын жаңарту жұмыстары бар. Бұдан басқа аудандық бюджеттен басқа да көшелерді жөндеу, көше шамдарын ретке келтіру, тағы басқада жұмыстарға қаржы бөлінген.

Бірлік ауылындағы спорттық сауықтыру кешенін «Тараз Инвест Құрылыс» ЖШС-і 248, 2 млн теңгеге жеңіп алғанымен, аталған жұмысты қосалқы мердігер (субподрядчик) ретінде «Асау-Инвест Н и К» ЖШС жүргізуде.

— Біз құрылыс жұмысын шілде айында бастап кеттік. Жұмысқа 26 адам тартылса, оның бесеуі жергілікті тұрғындар. Жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Ешқандай кедергі жоқ,- деді құрылыс жұмысына жауапты Самат Базарбаев.

Аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы жұмысқа мүмкіндігінше ауыл азаматтарын молырақ тартып, жұмысты сапалы жүргізіп, уақытында аяқтау қажеттігін атап өтті.

Ауылдағы ұзындығы 930 метр болатын А.Баданова атындағы көшеге асфальт төселуде екен. Бұл жұмысты «АЛКОНСер АТД» ЖШС (жетекшісі Дәурен Жақсымбетов) атқаруда. Аудан әкімі бірнеше көше тұрғындарымен кездесті. Оларға төселіп жатқан ыстық асфальт қатқанша ауыр көлікпен үстінен жүрмеу керектігін айтты. Сондай-ақ оларға қазіргі коронавирус індетінің өршіп бара жатқаны жайлы айта келіп, одан құтылудың бірден-бір жолы екпе салдыру екенін жеткізді. Ауылда әліде болса екпе қабылдамағандар барын атап өтті.

Аудан басшысы ауылдың күн батыс жағындағы «Бес тал» учаскесіндегі өткен жылы ғана алғаш пайдалануға берілген жүгері алқабына барды.
Мұнда 5 га жерді тиімді игеріп отырған дихан Қалижан Жүрінтаевпен кездесті.

Биыл округ бойынша 400 гектар жерге дәндік жүгері, 30 гектарға картоп, 70 гектарға көкөніс, 60 гектарға бақша өнімдері егілген. Судың мол болуы мен дихандардың еңбегінің арқасында барлығының да шығымдары жақсы екен. Сондай-ақ, егістік алқабындағы бұрынғы 657 гектар жоңышқа биылғы жаңадан егілген 100 гектар жоңышқамен толығыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.