Депутаттар Тараз қаласындағы ветеринария саласының нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізілді

0 13

Облыстық мәслихаттың 2021 жылдың IIІ-ші тоқсанында өткізілетін кезекті сессиясында қаралатын «Жамбыл облысында ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы және жан-жануарлар арасында инфекциялық және инвазиялық ауруларының таратылуының алдын алу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы» мәселе бойынша бүгін депутаттық жұмыс тобы Тараз қаласындағы ветеринария саласының нысандарында зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары Ф.А.Джунусова, С.М.Рысбаева, К.М.Бегалиев, Қ.Қ.Жетибаев және облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы Р.Т.Айдынбеков зерделеу жұмыстарын Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының атқарып отырған жұмыстарымен танысудан бастады.

Басқарма басшысы Е.Жиенқұлов жалпы облыс бойынша ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Бүгінгі таңда облыста барлығы 11 ветеринариялық станциялар мен 160 ветеринариялық пункттер жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге облыс бойынша ветеринария саласында 2013 жылғы 163 дана НИВА ВАЗ 2121, 2013 жылғы 11 дана SsangYong және 25 дана УАЗ, 23 дана ДУК, 7 дана жылжымалы инсениратор тасымалдаушы және 3 дана ауылшаруашылығы жануарларын тасымалдаушы автокөліктері бар. Десекте аталған көліктер үздіксіз жыл бойына жолсыз жерлерде пайдаланылымда болуына байланысты ескіріп, жөндеу жұмыстарына жылдан жылға шығындар көлемі артуда. Қазіргі уақытта автокөліктер ескі болғандықтан, көп бұзылып ветеринариялық іс-шараларды уақтылы әрі сапалы атқаруға кедергі келтіруде. Бүгінгі таңға облыс бойынша ауылдық округтердегі қан сынамасын және биопрепараттарды (вакцина) тасымалдауға арналған және бруцеллез және басқада ауру малдарды Тараз қаласына тереңдетіп өңдету мақсатында тасылмау үшін автокөліктерге деген қажеттілік 50 дана УАЗ 3909 (таблетка), 11 дана УАЗ 39094, 11 дана УАЗ Профи ФЕРМЕР 4Х4 автокөліктерін және жұқпалы аурулардың алдын алу үшін, әрі мал ауруы шыққан ошақтар мен аулаларға кешенді залалсыздандыру /дезинфекция/ жұмыстарын жүргізетін 11 дана ДУК (ГАЗ 33098 Егерь 2) арнайы автокөліктерімен барлық аудандарды қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр.

Қазіргі уақытта өңірімізде барлығы 39 биотермиялық шұңқырлар орналасқан. Оның ішінде алтауы толып кетуіне байланысты жарамсыз болып отыр. Бүгінгі күнге облыс бойынша жаңа 23 биотермиялық шұңқырға қажеттілік туындап отыр. Оның ішінде Тараз қаласы Тектұрмас аумағында және Жуалы ауданы Билікөл ауылдық округінде жер телімі нақтыланып, мемлекеттік актісі рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Құрылыс құны Тараз қаласы бойынша 12,5 млн. теңге және Жуалы ауданы бойынша 14,5 млн. теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар облыс көлемінде кадастр бойынша барлығы 189 сібір жарасы ошағы белгіленген. Барлық сібір жарасы ошағының көміндісі топографиялық картаға енгізіліп, 178 сібір жарасы ошағының көміндісінің жер теліміне мемлекеттік актісі рәсімделіп және 11 сібір жарасы ошағы орман қоры жер телімінде орналасуы себепті мемлекеттік жер пайдалану құқығын беретін актісі рәсімделмеген.

Бүгінгі күнге ветеринарлық дәрігерлердің жұмысы лас, әрі қиын болғанына қарамастан жалақысы өте төмен жағдайда қалып отыр. Мысалы еңбек ақы ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына сәйкес есептелініп, ветеринарлық дәрігерлердің орташа айлығы 128500 теңгені құраса, ветеринарлық фелдшерлердің орташа айлығы 87600 теңге және ветеринарлық санитардың орташа айлығы 65036 теңгені құрап отыр.

Сала мамандарының ветеринариялық іс-шараларды атқарудағы жұмыстары өте ауыр және аса қауіпті ауруларға қарсы тірі вакциналармен тікелей жұмыс жүргізеді. Ветеринариялық мал дәрігерлерінің жалақысын көбейтумен қатар, еңбектің зиянды жағдайлары үшін, олардың аса қауіпті ауруларды жұқтыру қатерінің болуын ескере отырып, үстемеақы төлеу мәселесін шешу қажет. Алайда, зияндылығы бойынша ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан да еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын кәсіптердің тізбесіне енгізілуі қажет.

Ауылдық округтер бойынша «Ветеринария» туралы Заңның 10-1 бабының 15 тармағында «Жергілікті атқарушы органдар ветеринариялық пункттерді қызметтік ғимаратпен қамтамасыз етеді» деп көрсетілген. Соған қарамастан Жуалы, Талас және Мойынқұм аудандарындағы ветеринариялық станциялардың қызметтік ғимараттары жоқ болғандықтан жалға алуға мәжбүр болып отыр. Жалпы 2021 жылға 29 ветеринариялық пункттерді қызметтік ғимаратпен қамту жоспарланған. Алайда аудандардағы зерделеу жұмыстары барысында жергілікті бюджеттегі қаржы тапшылығына байланысты аталған мәселенің жүзеге аспай қалуы мүмкін.

Жалпы ветеринариялық станциялардың 8-і және ветеринариялық пункттердің 103-і қызметтік ғимаратпен қамтылса, қалған 3 ветеринариялық станция және 58 ветеринариялық пунктер ауылдық әкімшілік ғимараттарында немесе жалдамалы ғимараттарда орналасқан. Зерделеу жұмыстары барысында ауыл әкімдіктері мен жалдамалы ғимараттарда орналасқан ветеринариялық пунктердің жағдайы сын көтермейтіндігі анықталды.

Келесі зерделеу нысаны Тараз қалалық ветеринариялық станциясы кәсіпорнынның 4 ветеринариялық пунктілерінде 29 маман қызмет атқаруда. Қалалық ветеринариялық станциясының басшысы Қанатбек Қартабаевтың айтуынша Тараз қаласындағы мал өлекселерін тастайтын екі биотермиялық шұңқырлар толып қалуына байланысты, ит-мысық өлекселері Жамбыл ауданы, «Аиша бибі» елді мекеніндегі мал өлекселерін тастайтын қорымға тасымалдануда.

Одан бөлек иесіз қалған ит-мысықтарды уақытша ұстау мәселесі жалға алынған питомникте ұстау арқылы шешілуде. Осы орайда Тараз қаласы А.Асқаров көшесінің аяғында орналасқан қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орны (питомник) жер телімі нақтыланып, мемлекеттік актісі рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп және сараптама қортындысы алынып, құрылыс құны 76951000,00 теңгені құраған.

Сонымен бірге ветеринария саласының материалдық-техникалық базасы толықтай жаңғыртуды қажет етіп отырғандығы зерделеу жұмыстары барысында анықталды. Мысалы аудандардағы ветеринариялық пунктердегі автокөліктер, компьютерлік техникалар мен кеңселік жиһаздар ескіріп, тозығы жеткен. Осы сияқты ветеринария саласына қажетті құрал-жабдықтар (инструменты хирургический, инструменты акушерский, рентген аппараты, УЗИ аппараты т.б) жаңа үлгіде, яғни заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Айта кетейік, зерделеу барысында анықталған ветеринария саласындағы өзекті мәселелер облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының назарына ұсынылатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.