Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Бетқайнар ауылдық округінің инспекторының ұйымдастыруымен «Спорт-бақытқа бастар жол!» тақырыбында еріктілер және NEET санатындағы жастар арасында кіші футболдан жарыс өткізілді, — деп жазады “ZhambylNews” AA «Ұлы дала ұстазы» халықаралық журналына сілтеме жасап.
Шара жастарды салауатты өмір сүре білуге шақыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттық ойынға қызығушылықтарын арттыру мақсатына негізделді. Сондай-ақ, жастарымызды ептілікке, икемділікке, жылдамдыққа, төзімділікке ұжымдасып жұмыс істеуге тәрбиелеу, олардың дене бітімдерінің дұрыс дамуына, бұлшық етінің шымыр болуына ықпал ету де жарыстын түпкі өзегі айналған-ды.
— Денсаулық – баға жетпейтін асыл дүние. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл — күйі көтеріңкі болып, еңбекке құлшына кіріседі. Сондықтан да осындай жарыстарды жиі ұйымдастыруға күш саламыз. Бұл тек жеңіске деген талпыныс ғана, оларға ерекше серпіліс те сыйлайды,- дейді «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Бетқайнар ауылдық округінің инспекторы А.Ергешбаева.
Сонымен, тартысты өткен ойында 3 команда өзара күш сынасты. Бағы мен бабы қатар келгендер қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Атап айтсақ, «Нұрлы жол» командасы жеңімпаз атанса, ІІ-ші орынды «Бетқайнар» командасы, ал жүлделі III-ші орынды «Достық» командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.