Сарысу ауданының әкімі ардагерлермен кездесті

0 1

Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев ардагерлермен кездесті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Қашанда тұрғындар Жолдаудан жақсы жағымды жаңалықтар күтеді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы Жолдауда барлық сала қамтылды. Әр сала бойынша одан әрі дамудың жолдары айқындалды. «Ынтымақты елге бақ қонар» деген қазақта жақсы сөз бар. Қоғамда тұрақтылықтың, бірліктің, ынтымақтың болуы көпті көрген үлкен аға буын өкілдеріне, ардагерлерімізге, зиялы қауым өкілдеріне тікелей байланысты.

— Президент өз Жолдауында «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде аға буын өкілдерінің ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады», — деді қариялармен кездесуде аудан әкімі.

Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев және әр ауылдық округтен келген ардагерлердің пікірі тыңдалды.

Өз кезегінде әр ауылдық округтің арқа сүйер қариялары бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.

Аудан басшысы айтылған мәселелер бойынша әр ауылға барып, мәселенің оң шешілуіне ықпал ететіндігін жеткізді.

— «Қарты бар елдің қазынасы» бар!, «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең!» деген. Біздің ауданымызда да көрген, түйгені көп, адасқанға жөн сілтейтін ағаларымыз жетерлік. Олар жастарға дұрыс бағыт-бағдар береді. Бір ауыз сөзбен тентегін тыяды деп сенеміз. Ол ардагер ағаларымыз осы отырған Сіздерсіздер!,- деген аудан басшысы қариялармен емен-жарқын әңгімелесіп, соңғы 8 айдың ішінде ауданда атқарылған шаруаларға тоқталды.

Қариялар тарапынан көтерілген кейбір мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Нұржан Нұралиев сөз қозғады.

Кездесу соңында қариялар қашанда құрметтеп, қарапайымдылығымен тәнті еткен Марат Сұлтанғалиевке аталық, ағалық ақ баталарын беріп, алғыстарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.