Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының бастамасымен Тараз қалалық ветеринарлық станциясының білікті және тәжірибелі ветеринариялық мамандары Тараз көпсалалы инновациялық колледжінде «Иттер мен мысықтарды зарарсыздандыру және кастрациялау» бойынша студенттерге мастер-класс өткізді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аталған іс-шараны облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы-облысымыздың бас мал дәрігері Жиенқұлов Ербол Жұмабекұлы ашып, болашақ жас ветеринар мамандармен кездесті.
Басқарма басшысы өз сөзінде аталған шара Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау, үрдістерді цифрландыру, малдәрігер мамандарын дайындау, жалақыларын өсіру сынды берілген маңызды тапсырмаларына байланысты ветеринария басқармасымен ветеринария саласын нығайту, сонымен қатар жас ветеринар мамандардың ветеринария саласында ой-өрісін дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
— Қазіргі таңда, ветеринария саласында мал ауруларына қарсы жүргізіліп жатқан профилактикалық, диагностикалық іс-шараларының арқасында облыста мал саны да жылдан жылға көбейіп келеді. Ауылдардағы мал дәрігерлерінің еренді еңбегінің нәтижесінде облыс аумағында жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралуына тосқауыл қойылуда. Адам мен малға ортақ созылмалы аурулардың да тіркелуі жылдан жылға едәуір азайып келеді. Сол себептенде, құрметті білімгерлер мен тәлімгерлер ветеринария саласындағы жұмысты одан әрі жетілдіру және жандандыру үшін қолдан келгенше барлық мүмкіндікті жасауымыз қажет ,– деді Ербол Жұмабекұлы Жиенқұлов.
Шара барысында мастер –класска қатысқан студенттер итке стерилизация және кастрация түріндегі отаның жүргізілу барысымен танысты.
Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің ветеренария мамандығының 2 курс студенті Умбетбаев Дихан колледжде осындай оффлайн шаралар көптеп ұйымдастырылса, мамандық бойынша кәсіби біліктілігімізді арттыруға үлкен септігін тигізер еді деді. Себебі студенттер бұған дейін карантин талаптарына сай бұндай іс-шараларға тек онлайн форматта қатысуға мүмкіндік алған.