Мойынқұм ауданында жасөспірімдер және олардың ата-аналарының қатысуымен кездесу өтті

0 9

Мойынқұм ауданы көлемінде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы Комирнати (Пфайзер) вакцинациясы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу басталған болатын. Осыған байланысты Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Мойынқұм аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айман Елеуова Ақсүйек ауылындағы №1 орта мектебінде болып, 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер және олардың ата-аналарының қатысуымен кездесу өткізді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Кездесу барысында Айман Кәрімқызы коронавирусқа қарсы салынатын Комирнати (Пфайзер) вакцинасының маңызы мен салу ережелерін, екпе салардың алдында және одан кейінгі қажетті ақпаратпен бөлісіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ жасөспірімдерге екпе салу ерікті және тек ата-аналарының келісімімен ғана жүргізілетіні айтылып, өз қалаулары бойынша вакцинацияға қатыса алатындығынан хабардар етті. Дәлірек айтқанда, әрбір ата-ана вакцинация алдында препаратқа арналған нұсқаулықпен таныса отырып, балаларына қарсы көрсетілімдердің жоқ екендігіне көз жеткізіп қана ақпараттандырылған келісімге қол қоя алады.

Дәл осындай COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы Комирнати (Пфайзер) вакцинациясы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу ауданымыздың Ы.Алтынсарин, Ә.Төлепбергенов атындағы орта мектептерінде де жалғасын тапты. Онда аудандық орталық аурухананың иммунолог дәрігері Мөлдір Санақова мен эпидемиолог дәрігер Сұлтан Талас 12-17 жас аралығындағы оқушылар мен олардың ата-аналарына Пфайзер вакцинасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиын соңында ата-аналар мен жасөспірімдер тарапынан қойылған сұрақтарға заң аясында жауаптар қайтарылды.

Жиынға ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.