Жамбыл облысында 9 желтоқсан – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел» атты форумы өтті,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен 2003 жылы 9 желтоқсан – халықаралық жемқорлыққа қарсы күні деп жарияланып, дүние жүзі мемлекеттері осы күнді 2004 жылдан бастап жыл сайын атап өтуде. Бұл күні, бүкіл адамзатты осы індетке назарын аудартып, бүкіл қоғам болып жемқорлықпен ымырасыз күресуге шақыру болып табылады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер қатарына қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайды.
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені жұртшылықтың қатысуымен жүргізілуі қажет. Мемлекет пен қоғам тығыз қарым-қатынаста болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы төтеп бере аламыз. Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналу керек» — делінген.
Осы бағытта департамент жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынас жасауда. Облыс әкімімен парасаттылық мәдениетін ілгерілету бойынша 2021 жылға арналған кешенді жоспар бекітілген. Жоспар аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу; мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ілгерілету; квазимемлекеттік және жеке секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын ілгерілету; түрлі этностар мен дін өкілдерімен өзара іс-қимыл және жалпы сипаттағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Форумда облыс әкімі орынбасары Р.Дәулет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ә.Әшірбаев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Қ.Төлендиев, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Н.Жувандикова, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Е.Саурықов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры Д.Нұрмұханбет қатысып сөз сөйледі.
Форум барысында қатысушыларға академиялық адалдық қағидаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыру бағытында ақпараттар беріліп, форум қатысушыларын жемқорлыққа қарсы бірігіп тұруға және әлеуметтік зұлымдық – жемқорлыққа қарсы күрес жұмысына өзіндік үлес қосуға шақырды.
Форум соңында қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық құндылықтарын нығайтуға елеулі үлесін қосқан қоғам белсенділері, оқу орындары мен мекеме қызметкерлері марапатталды.