Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына Жетітөбе ауылдық округініне қарасты Тасбастау ауылында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен құрылған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында күн көріс деңгейі төмен, жалғызбасты ана Лидия Царскаяға жаңа үйдің кілті табысталып, баспаналы болды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Толық емес отбасына жататын тұрғынға үй салып беру үшін ауыл тұрғындары бірқатар көмек көрсетіпті. Бұл қуанышқа ауыл ағайындары, жеке кәсіпкерлер тегіс жиналып, жаңа үйдің иелерін құттықтап, ізгі тілектерін жаудырып, тәттіден шашу шашты.
Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаевтың сөзінше, ауыл тұрғындары төрт айдың ішінде керекті қаржыны жинақтап, «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» жұмылып үйдің құрылысын жүргізген.
«Отан – отбасынан, отбасы – ошақ қасынан басталады» деген екен дана халқымыз. Ал, сол ошақтың иесі – әйел, ал отбасының иесі – сол үйдің ері. Бүгін міне, көптен күткен қуаныштың куәсі болып отырмыз. Бұл отбасы жаңа, жылы үйге қоныс аударып, «Қоныс тойын» жасап отыр, — деген Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Қанатбекұлы, демеушілерге ерекше алғысын жеткізді.