Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл ауданындағы екі ауылда тұрғын үй салуға жер телімдері берілді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Сәкен Арубаев пен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев арнайы барып, кезекте тұрған азаматтарға жер комиссияының оң қорытындысы жарияланған құжаттарды табыстады. Олардың алғы шебі 2007 жылдан бастап жер кезегіне тіркелген , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Айтулы датаға орай Бектөбе ауылында 143 азаматқа, Қызылқайнар ауылында 222 тұрғынға тұрғын үй салуға жер телімі үлестірілді. Аудан басшысы ауыл азаматтарының ұсыныс-пікірі орындалып жатқанын, берілген жер учаскесінде қарашаңырақтың кірпіші қалануына тілектестігін білдірді.
Жалпы ауданда 11 мыңнан астам тұрғын жер кезегіне тіркелген. Осы күнге дейін бұл тақырып бауын тапса, байламын таппай жүрген мәселе еді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша есептік кездесулерді 17 ауылдық округте өткізген аудан әкімі Сәкен Арубаев тұрғындарға жер телімінің аса қажеттігін анық түсініп, іс-шаралар тізбесіне осы мәселені алдыңғы шепке қойған болатын. Нәтижесінде, бұл жұмыстар ағымдағы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен өз жемісін бере бастады. Жұртшылықты жер телімімен қамту мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2,2 млрд теңге бөлініп, 7 елді мекенде 1882 жер телімін беру үшін инфроқұрылымдық-инженерлік желілерді тарту жұмыстары қызу жүргізілді.