Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Асарлатып үй салу» — жобасымен Жаңақоғам ауылдық округінде үй берілді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Өткен жылдан бері өңірімізде облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен сәтті жүзеге асып келе жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы ауданымызда да жақсы қарқынмен жалғасып, бүгінгі күнге дейін ауданымызда 8 үй табыс етілді. Жыл соңына дейін 10 ауылдық округте тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар және жалғызбасты аналар, асыраушысынан айырылған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Міне бүгін, осы жоба аясында Жаңақоғам ауылдық округі тағы бір түтінге көбейіп, бір отбасы баспаналы болды. Салтанатты рәсім барысында ауылда бой көтерген жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстау үшін аудан әкімі Нұржан Календеров арнайы барып, осындай игі іске ат салысқан барша қауымға алғысын білдіріп, кілтін табыс етті.
— Жақыныңа жанашыр болу, көршімен тату тұру, қиналғанға қол ұшын созу – бұның бәрі бізге тән, қанымызда бар қасиет. Қазір бұл қасиеттер ұмыт болып бара жатқандай еді. Десек те, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан айтулы жоба ескіні еске салып, бойымыздағы ізгі қасиеттерді аша түскендей. Асарлатқан ағайынға алғысымызды білдіреміз! Қоныс тойларыңыз құтты болсын! — деді аудан басшысы өз сөзінде.