Биыл Жамбыл ауданында 18 мектеп жаңарған

0 2

Биыл Жамбыл ауданында 18 мектеп жаңарған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданындағы жұмыс сапарын Өрнек ауылындағы Б.Тайшапұлы атындағы орта мектепте түйіндеді. Білім ордасы биыл толықтай күрделі жөндеуден өткен , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жалпы ауданда биыл 6 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілген. Олардың құрылыс жұмысына 590 миллион теңге бөлінген. Оның 4-еуіне «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 309 млн теңге, 2-еуіне облыстық бюджеттен 281 млн теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек 12 мектепке ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 113 млн 438 мың теңге аударылған.

Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарын «ЖанатасҚұрылысСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алғанын, оған қазынадан 143 млн 321 мың теңге бөлінгенін, бұл қаражатқа мектептің шатыры, электр желілері, еден ағаштары, есіктері жаңасына ауыстырылып, ішкі бөлмелері толықтай әрлеу жұмыстарынан өтетінін, жұмысқа жергілікті 35 азамат тартылғанын айтты.

1960 жылы пайдалануға берілген білім ошағы 620 оқушыға шақталған. Оның жанында жеке ғимараттағы «Мейірім» шағын орталығы мектепке дейінгі 50 баланы қабылдай алады. Ал мектепте 6 педагог 491 оқушының зейінін ашуда. Жалпы мектепте кабинеттер саны 23, сондай-ақ спорт зал, мультимедиялық сынып, кітапхана, оқу шеберханалары бар. Ауыл маңындағы Жұма стансасының 30-ға жуық оқушылары тасымалданып оқытылады.

Аймақ басшысы заманауи білім ордалары бала қабілетін ашып, біліктілігін арттыратынына сенімділігін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.