Талас ауданы әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев бүгін 1986 жылы ел үшін үн қатып, қазақ халқының болашағы үшін жан айқайын жеткізген таластық 14 қатысушыны Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен және 7 қатысушыны «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Басқосу кешіне жиналған желтоқсаншылар тәуелсіздігіміздің бастауы болған оқиғаны еске ала отырып, сол кездегі жастардың жанкешті тірлігін баяндап берді. Қазақ ұлтын өзге ұлт өкілі басқарады дегенді естіген олар, жылы жерде жатуды жат санып, үндеуге үн қосып, еш ойланбастан алаңға шыққандарын айтты. Сондай-ақ, қоғамдық көлікте, көшелер мен дүкендерде өзге ұлт өкілдерінің өздеріне сұқ көздері қадалғандарын, олардан теперіш көргендерін әңгімелеп, бастан кешкен әртүрлі қиындықтарымен бөлісті.
«Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. КСРО елдері ішінде бірінші болып қазақ елі бас көтерді. Жастар Қазақстанда қазақ басшы болу керек деген оймен тоталитарлық әділетсіздіктерге қарсы тұрды. Сіздер сол азаматтардың арасында болдыңыздар. Бұл тәуелсіздік туын желбіретуге серпін берген оқиға еді. Сіздердің еңбектеріңіз, тәуелсіз елге адал қызметтеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Еліміздің тәуелсіздігі үшін жанын қиюға дайын болған жастарға, бүгінгі аға буынға шексіз алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Желтоқсаншылар өздеріне құрмет көрсеткені үшін шын көңілден ризашылықтарын білдірді.