Жамбылдық шаруалардың ағын сусыз қалу қаупі бар. Оған қырғыз елімен шекаралас жатқан Қаратау ауылындағы «Райс» каналын қалпына келтіру жұмыстарының баяу жүргізілуі себеп болуы мүмкін. Бүгін каналдардың жай күйін саралаған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мердігермен кездесіп, жұмыстардың көңіл көншітпейтінін айтты,- , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Аудан әкімі алдымен Аса ауылындағы «Қуат» каналын тазарту жұмыстарын көрді. Одан соң «Райс» каналына ат басын тіреді. 7 шақырымды құрайтын каналдың лотоктары ауыстырылуда. Құрылысқа 8 техника, 15 адам жұмылдырылған.
– Шаруалар көктемнің қарекетіне кірісіп кетті. Қазір 1800 гектарды суаруға қауқарлы болса, мына жұмыстар аяқталса, 3000 гектарға су жібере аламыз. Ал құрылыс жұмысы мына екпінмен жалғасса, шаруалар сусыз қалады. Жұмысшы күшін қосу керек. Алдағы күндері қайта тексеруге келетін боламыз, — деді ол.