Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты тақырыпта Қазақстан халқына жолдау жасады. Жолдауда халықаралық саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуал ескеріле отырып, біршама мәселелер көтерілді. Кешегі қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер еткені сөзсіз. Мемлекет басшы, екі айдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салада, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде, ең алдымен, жүзеге асыру қажет болатын міндеттерді айқындап берді. Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды.
Жолдауда Мемлекет басшысы Президенттің өкілеттігі, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы халық қалауындағы әр тақырыптарға егжей-тегжейлі кеңінен тоқталып өтті.
Осылардың ішінде өкілді билік тармағын қайта құру бойынша азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру керектігі, мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алаатындығы айтылды. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымы енгізілмек. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажеттілігі аталып өтті. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеру арқылы тағайындалатын болды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген ұтымды сөзді анық аңғартады.
Ал сайлау жүйесін жетілдіруде пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталмақ. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру ұсынылды. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси ортаны қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылмақ.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру тақырыбында саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет. Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілі енгізгізілетін болды. Сондай-ақ олардың меншік базасы едәуір кеңейтілмек. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай болмаған жағдайда, бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе ғана болып шығады. Осыған байланысты қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтау керектігі Жолдауда нақты аталып өтті. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою қатаң назарда болады. Шынында бұл жолғы жолдаудың ел ішінде ерекше сипатқа ие болғаны сөзсіз. Президент өз жолдауында Қазақстан халқын алдағы уақытта елдің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгерістер әкелетін саяси реформалар күтіп тұрғанын, құқық, қаржы-экономика және қоғамдық бақылау секторларында мүлдем жаңа институттардың пайда болатынын айтты. Оны Мемлекет басшысының «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», — деген сөзінен-ақ байқауға болады.
Ендеше Президентіміз алға қойған нақты міндеттерді мінсіз орындауға күш жұмсап, «Жаңа Қазақстанды» Мемлекет басшысымен бірге құруға бірлесе атсалысайық дегім келеді.
Бақытжан ҚАЛЫМБЕТОВ,
Аудандық мәслихат хатшысы.