Жамбыл облысында егіс науқаны аяқталды

0 10

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор екендігін, жауын-шашынның аздығы егіннің шығымы мен жемшөптің жетіспеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін екендігін баса айтқан еді. Мұндай мәселелердің алдын алу үшін көктемгі егіс науқанын сапалы өткізуді Үкімет пен әкімдіктерге ерекше бақылауға алуды тапсырды. Қазір Жамбыл облысында егіс науқаны толық аяқталды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында баяндама жасаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Келтірілген мәліметтерге сәйкес, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектардан астамға ұлғайған. Мемлекеттен көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде көктемгі дала жұмыстарына қажетті материалдар толық қамтамасыз етіліп, егін егу жұмыстары толық аяқталған. Егілген егіннің ендігі мәселесі — су. Бұл бағытта да бірқатар жұмыстар жасалды.
Вегетациялық кезеңге трансшекаралық Шу және Талас өзендерімен су беру кестесі бекітілді. Суару маусымына су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізілді.
Вегетациялық кезеңге облыста орналасқан ірі 9 қоймада орташа 90 пайыз су жиналды. Одан бөлек облыста орналасқан 105 кіші су қоймаларында 72 пайыз жоғары су жиналды. Облыста механикалық тазалауға жататын ұзындығы 478 шақырымды құрайтын 122 каналда 1 393 шаруашылықпен бірігіп тазалау жұмыстары жүргізілді.

«Бүгінде суару маусымы басталды. Шаруашылықтардың сұранысына сәйкес, егіс алқаптарына 65 мың м3 су күнделікті берілуде. Облыстың суармалы жерлерінің көлемі 179 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілсе, 47 мың гектар алқап 30-40 пайыз деңгейде қамтылған», — деді облыс әкімі.

Облыс трансшекаралық су көздеріне тәуелді болғандықтан, облыс бойынша суармалы алқаптарды қалпына келтірудің жол картасы 6 бағытта әзірленген болатын. Негізгі жұмыстар 2019 жылы басталған. Соның нәтижесінде 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделіп отыр.
Н. Нұржігітовтың айтуынша, бұл ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және «Қазсушар» кәсіпорынының бастамасымен іске асырылып отырған суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарына шаруашылықтар алғысын білдіруде.
Атап айтқанда жол картасының 1 және 2 бағыттары бойынша «Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы» жалпы құны 26 млрд теңгені құрайтын 264 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 54 мың га суармалы алқапты қалпына келтіру көзделген. Бүгінде 9 млрд тг қаражат игеріліп, 15 мың га алқап қайта айналымға қосылды.
«Халықаралық қайта құру және даму банкі» арқылы «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының – 2 фазасы» (ПУИД-2) бағдарламасы бойынша облыста 15 мың гектар суармалы алқап қалпына келтіріледі. Бүгінгі күнге 5 млрд тг қаражат игеріліп, 10 мың га алқап қайта айналымға қосылды.
Сондай-ақ 2020-2021 жылдар аралығында жол картасының 3 бағытында жоспарланған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде ұзындығы 375 шақырымды құрайтын 81 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 23 мың гектар алқап қалпына келтірілді.
Сонымен қатар жол картасының 4 бағыты бойынша 2022-2025 жылдар аралығында жергілікті бюджеттен 6,4 млрд теңге қарастырып, республикалық меншіктегі су жүйелерін коммуналдық меншікке ала отырып 21 мың гектар алқап бекітілген 157 каналға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

«Одан бөлек, 5 бағыт бойынша «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдары облыс бойынша ұзындығы 1000 шақырымды құрайтын 34 мың гектар алқап бекітілген 136 су шаруашылығы нысанында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі», — деді облыс әкімі өз баяндамасында.
Облыста суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары 2021 жылы 40,5 мың гектарға ендірілсе, 2022 жылы 50 мың гектарға жеткізілді.
Бір жылдық вегетациялық кезеңге қажетті ағын су көздерімен көлемі есептеліп, облыстың су балансы жасалды.
Мәселен, 179 мың гектар алқапты толық сумен қамту қажеттілігі 1,6 млрд м3 құрайды. Барлық су көздерін қоса алғанда, жетіспейтін көлем – 327 млн м3.Осыған байланысты өңірде жыл сайын туындайтын су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа 6 су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарланған.

«Бұл ретте жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Андас – 1,2,3» су қоймаларының құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарына 1,8 млрд теңге қарастырылуда. Ал, Қордай ауданындағы «Ырғайты», «Қалғұтты» және Талас ауданындағы «Ақмола» жаңа су қоймаларының құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге 276 млн теңге қаражат бөлінді», — деді Н. Нұржігітов.

Жол картасының 6 бағыты аясында қосымша су көздері арқылы қамту көзделген. Бұл ретте ғылыми-зерттеу институттарымен жерасты суының жағдайы зерделенді.
Әкімнің айтуынша, облыста жалпы жерасты суының көлемі 1,7 млрд м3 құрайды, оның ішінде тәулігіне қайта қалпына келетін 4,4 млн м3 құрайтын су қоры бар. Бұл ретте 120 күн вегетациялық кезеңде 535 млн м3 су көлемін пайдалануға болады.
Осыған байланысты, су тапшылығы бар аудандар жер асты суының потенциалын толығымен пайдалану мақсатында 2022-2024 жылдары 646 ұңғыма қазу қолға алынып отыр.
Бүгінге облыста жаңа 71 ұңғыма қазылып, 3,1 мың гектар алқап сумен қамтылуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.