Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан бірқатар шаралар қабылдануда. Заң бойынша сауда орындары мен дүкендер тауар бағасына тек 15 пайыз үстеме қосуы керек. Аталған талаптың қаншалықты орындалып жатқанын Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил бастаған топ зерделеді,- , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Еегеубаев және кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы А.Алтаймен бірге бірқатар үлкен сауда орындары мен дүкендерге бас сұқты. Арнайы топ шағын кәсіп иелеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме ақы 15 пайыздан асырмау туралы заң аясында түсіндіру және зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Зерделеу барысында «SMART» супермаркетінде көкөніс сатушысына заңға сәйкес 15 пайыздан аспайтын бағада картоп, сәбіз, пияз және қырыққабаттың сатылуына қол жеткізілді.
Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме ақы 15 пайыздан асырылғаны туралы факті анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатыны туралы ескертілді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша берілген тапсырмаларына сәйкес баға тұрақтылығын бақылау үшін жұмыстар жүргізілуде. Көбіне сатушылар үстеме ақыны шекті деңгейден жоғары қойғандықтан тауар құны қымбаттап жатады. Осыған жол бермеу үшін арнайы топ зерделеу жұмыстарын жалғастыратын болады,-деді қала әкімінің орынбасары.