Жамбылда жыл бойы жұмыс істейтін ерекше демалыс орны салынып жатыр

0 33

Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл ауданында көпшілік үшін жыл бойы қызмет көрсететін ерекше демалыс орталығы салынып жатыр. Жоба аяқталған соң мұнда келушілер табиғаттың сұлулығын тамашалап қана қоймай балық аулаумен, ат спортымен айналыса алады. Ал қыс мезгілінде шанамен сырғанап, квадрациклмен серуен құруға мүмкіндік бар. Кешеннің құрылысымен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы танысып қайтты, —  , —  деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Құрылысы жүргізіліп жатқан демалыс кешені аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан.

Досан Рымтаев басшылық ететін «Фортис Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демалыс орталығына бүгінде 550 млн теңге қаражат жұмсаған. Құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған нысанға ұзындығы 10 шақырымды құрайтын электр желілері жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бой көтеріп үлгерген. Құрылыс жұмыстарына 60 азамат жұмылдырылуда. Жер көлемі – 9.6 гектарды құрайды. Орталықтың мүмкіншілігін жан-жақты таныстырған Досан Тасболатұлы алдағы жоспарларымен де бөлісті:

– Облыс тұрғындары мұнда таулы аймақтың табиғатын тамашалауға мүмкіндік алады. Жоба толығымен аяқталса, орталық бір мезетте 250 адамды қабылдай алады. Мұнда 70 адамға арналған 7 котедж, 8 қонақ үй, еуропалық моншалар, 150 адамды тамақпен қамтамасыз ету үшін кафе-мейрамхананың, техникалық және қызмет көрсету персоналына арналған тұрғын үйдің, үлкен, орта бассейннің, футбол, тенис алаңы, 120 адамға арналған ашық демалыс алаңының, ат спорты алаңшасының, балық өсіруге арналған тоғанның құрылысы қарқын алған. Тұрғындар демалыс орталығын тек қана жазда ғана емес, жыл он екі ай қолданады. Қыс мезгілінде тау етектерінен шанамен сырғанауға арналған жобаны іске қосамыз. Барлық ғимараттар ауыз су мен жылумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ атпен саяхат, квадроциклмен серуен ұйымдастырылмақ. Бір күндік демалысқа арналған 100 адамды бір мезетте қабылдайтын 10 киіз үйді жайластыру да көзделуде. Орталық тамыз айынан бастап, кезең-кезеңімен жұмысын бастайды. Жергілікті тұрғындарға бағаның қолжетімділігіне назар аударатын боламыз. Жергілікті әкімдікке айтар өтінішіміз де бар. Орталыққа апаратын 9 шақырым жолды асфальттауға көмек көрсетулеріңізді сұраймыз, – дейді кәсіпкер.
Еуропалық үлгіде салынып жатқан орталықты аралаған өңір басшысы серіктестіктің жобасына оң бағасын берді.

– Өңірімізде демалыс орталығынан тапшылық бар. Жоба ауқымды әрі туризм нысанының бірегейі болмақ. Дегенмен өңір жасөспірімдері үшін жаздық лагерь жасау мүмкіндіктерін қарастыруыңызды сұраймыз. Ал жол жабындысын төсеу жұмыстарына қолдау білдіретін боламыз, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.