Сарысу ауданында мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде 17 570 гектар алқап орылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ауданның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр орын алған қуаңшылықтан соң мал азығы қорын дайындауға Мемлекет басшысының өзі назар аударған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар Сарысу ауданында да жоспарлы түрде жүзеге асуда.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жалпы, мал азығын дайындау үшін шөп шабуға бекітілген алқап көлемі 34720 гектарды құрайды. Оның ішінде 5350 гектар көпжылдық (жоңышқа), 29370 гектар табиғи дала шөбінің алқабы.
Бүгінгі таңда 17570 гектар шабындық орылып, 42369 тонна мал азығы қоры дайындалған. Науқанына 154 шаруа қожалығы, 15 комбайн және 173 трактор қатысуда.
Ауданда алғашқылардың бірі болып Түркістан, Игілік ауылдық округтеріндегі «Мұрат», «Болат», «Байшахан», «Дидар» шаруа қожалықтары шабындыққа орақ салды. Қазіргі таңда өзге де ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары техникаларын дайындап, шөп шабу науқанына кірісіп кеткен.
— Биылғы жылдың мамыр айында жауын-шашын жақсы болды. Шөп жақсы шыққан. Жыл сайынғы дәстүрмен шөп шабу науқанына техникаларды дайындап, іске кірісіп жатырмыз. Ең бастысы, техникаларымыз бұзылмай, мал азығын уақтылы, жеткілікті мөлшерде жинап алуымыз керек, — дейді қызу тірліктің басында жүрген шаруалар.
Айта кету керек қазіргі таңда облыс бойынша 412,8 мың тонна пішен дайындалған. 116,9 мың гектар шөп орылса, оның ішінде 95,7 мың гектары көпжылдық , 21,2 мың гектар табиғи шабындық болып табылады.
Ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше биыл мал азығы үшін 1,7 млн. тонна пішен, 63,0 мың тонна пішендеме, 488,1 мың тонна сабан, 60,0 мың тонна сүрлем дайындау межеленген.