Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов Литваның Бас консулымен кездесті

0 27

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Литва Республикасының Бас консулы Гвидас Керушаускаспен кездесті, – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса назар аударды. Нұржан Нұржігітов екі ел арасындағы дәстүрлі жылы әрі достық қарым-қатынасты атап өтті. 2022 жылғы қаңтар-сәуірде Жамбыл облысы мен Литва Республикасы арасындағы тауар айналымы 73,2 мың АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артық.

– Біз үшін өңірлік деңгейдегі байланыстарды нығайту маңызды. Ынтымақтастық ауқымын кеңейтіп, инвесторлар санын арттыруға мүдделіміз. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергетика салаларында бірегей жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер бар, – деді Нұржан Нұржігітов.
Литва Республикасының Бас консулы облыс әкіміне жылы лебізі үшін алғысын білдірді. Ол Жамбыл облысы мен Литва арасындағы экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуға ниетін білдірді.

Кездесу барысында CNC Group басшысы Норкус Ирмантас қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет көрсету жобасымен таныстырды. Жиынға қатысушылар мектеп оқушыларын, аурухана науқастарын және кәсіпорын қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету саласындағы литвалық тәжірибені пайдалану мәселелерін талқылады.

Нұржан Нұржігітов 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде біздің облыс өзін қарақұмық пен күріштен басқа барлық түрмен қамтамасыз ететініне тоқталды. Жоба сәтті жүзеге асса, жергілікті өнімді пайдаланып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту керектігін айтты.
Тараптар өзара ынтымақтастық аясында сауда-саттық, инвестиция тарту, бизнес-жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс жандана түсетініне сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.