Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті

0 8

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданы Түймекент, Сарыкемер ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді , —  деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Кездесулерге құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты.

Алдымен облыс әкімі ауылдық округ әкімдерінің елді мекендерді дамыту бойынша атқарылған жұмыстары туралы есептерін тыңдады.

Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, тұрғындардың мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды. Олар негізінен жайылымдық жерлерді бөлу, жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз ету, каналдарды қалпына келтіру, кадр тапшылығы, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қатысты сұрақтар қойды.

Өңір басшысы ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

— Жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар бірлесе  жұмыс істеуі тиіс. Мәселелерді шешуде жауапкершілік ортақ болуы қажет.

Бүгінде Байзақ ауданын дамыту үшін жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Ауданда барлығы 43 елді мекен бар. Газдандыру мәселесі толықтай дерлік шешілген. Тек көгілдір отынмен бір ғана ауыл қамтамасыз етілмеген. Біздің облыста мұндай нәтиже тек Байзақ ауданында.  2025 жылға дейінгі нақты даму жоспары жасалып, бекітілді. Осы жоспар аясында кезең-кезеңімен ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу мәселелері шешімін табады. Мәселен, Түймекент ауылдық округінде екі жыл ішінде 11 көше жөнделді. Сондай — ақ, жыл сайын әлеуметтік нысандар салынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы алдымен үйлерге таза ауыз су беруді толық қамтамасыз етіп, содан кейін ғана жолдарды жөндеуді бастау қажеттігін жеткізді.

Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов байзақтықтар халықтың табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның белсенді қатысушыларының бірі екенін атап өтті.

Кездесулер барысында каналдарды қайта жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Еуропа қайта құру және даму банкі қаражат бөлгенін тілге тиек етті. Карантиндік шектеулерге байланысты жобалар біраз уақытқа тоқтатылған. Бірақ, облыс әкімі мердігерлер өз міндеттерін толық орындайтынын ескертті. Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК филиалының басшылығына кедергілерге қарамастан, шаруа қожалықтарын суармалы сумен қамтамасыз етуді тапсырған.

Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданы, екі ауылдық округ әкімдігіне  барлық көтерілген мәселелерді зерделеп, басқармалармен бірлесіп шаралар қабылдау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды  іске асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Жақында ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтті. Жамбылдықтар дауыс беруде белсенділік танытты. Қазіргі таңда елімізде оң өзгерістер болып жатыр. Болашағымыздың жарқын болуы үшін бірлесе жұмыс атқарайық, — деді Нұржан Нұржігітов.

Кездесуден кейін өңір басшысы екі ауылдық округте азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.