Тараздық кәсіпкерлер 55 мың «техосмотрды» фотошоппен жасаған. Ал, көлік инспекторлары жалған құжаттарды бйқамаған.Заңбұзушылықтарды Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті анықтады. Облыстық көліктік бақылау инспекциясының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген сыртқы талдау барысында бірнеше факт тіркелген. Инспекция, операторлар тарапынан міндетті техникалық байқауды өткізу қызметіне 2019-2021 жылдар аралығында 31 профилактикалық бақылау жүргізген. Алайда, бақылау тек ақпараттық жүйенің деректері негізінде жүзеге асырылған.Операторлардың заңнамамен көзделген міндетті техникалық қарап-тексеруді жүргізу мерзімі, бақылау субъектілері жабдығының техникалық жай-күйі тексерілмеген. Іс жүзінде, инспекция қызметкерлері әр ұсынымда бір тектес бұзушылықтарды көрсете берген.Анықталған кемшіліктер жойылуға жатпайды және көлік құралдарын пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Инспекцияның аталған бағыттағы қадағалау функцияларына талдау жүргізу барысында операторлардың республика көлемінде жалған диагностикалық карталарды жасау фактілері анықталды.
7 оператор өткізген жалпы саны 55 000 аса диагностикалық техникалық байқау картасында фотошоп бағдарламасы арқылы жалғандық жасау белгілері анықталды.
Мысалы, «D» ЖК-нің стационарлық техникалық байқау желісі Тараз қаласында орналасқанына қарамастан, аталған оператордың техникалық байқауынан басқа өңірлерінің көлік құралдары көп мөлшерде өтіп, оң нәтиже алған. Оның ішінде, (76 прицептерді және т.б. техникаларды қоспағанда) Астана қаласы – 2 909, Алматы қаласы – 429, Ақмола облысы – 875, Ақтөбе облысы – 35, Алматы облысы – 327, Атырау облысы – 148, БҚО – 13, Жамбыл облысы – 198, Қарағанды облысы – 399, Қостанай облысы – 39, Қызылорда облысы – 37, Маңғыстау облысы – 9, Түркістан облысы – 167, Павлодар облысы – 499, СҚО – 60, ШҚО – 89, Шымкент қаласы – 69.
«D» ЖК операторының диагностикалық карталарын бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы зерделеу кезінде көрсетілген карталардың барлығында қолдан жасау белгілері байқалған.
«Мысалы, 1998 жылғы «89 aka 01» мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі (бұдан әрі — МТНБ) бар прицеп, меншік иесі Қ. №7722 техникалық байқаудың диагностикалық картасы берілген. Алайда, прицеп шанағының өзінде «0788 Н» МТНБ көрсетілген, сондай-ақ фотосуретте фотошоп бағдарламасымен түзету жолымен «89aa01» МТНБ өзгерту белгілері айқын көрінеді. Сол сияқты, «77 HA 01» МТНБ 2011 жылғы «CHRYSLER 300» маркалы көлік құралының меншік иесі П. № 8710 техникалық байқаудың диагностикалық картасы берілген. Ал диагностикалық картаның фотосуретінде басқа көлік құралы, атап айтқанда «CADILLAC Escalade» маркасы бейнеленген», — деді Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басқарма басшысы Дәурен Омаров.
Диагностикалық карталардың барлық суреттерінде техникалық байқау ғимаратының фоны бір-бірден Алматы қаласы, Сүлейманов көшесі, «Б» ЖК техникалық байқау операторының ғимаратымен сәйкес келеді.
Техникалық байқау ережелерінің айқын бұзылуына қарамастан, инспекция қызметкерлері 3 операторға қатысты субъектіге бармай профилактикалық бақылау жүргізу кезінде жоғарыда келтірілген бұзушылықтарды анықтамаған.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты материалдар құзыреті шеңберінде процесуалдық шешім қабылдау үшін Жамбыл облысының полиция департаментіне жолданды.
Антикор қызметкерлерінің айтуынша, инспекция техникалық байқау саласындағы бақылау функцияларын тиісінше жүзеге асырмайтыны анық көрінеді, осыған байланысты техникалық байқаудың жосықсыз операторлары жүйелі негізде қолданыстағы заңнаманың нормаларын бұзып, олардың салдары жол қозғалысы мен азаматтардың өміріне әсер етеді.
Жүргізілген талдау қорытындысымен Инспекцияның барлық бағыттағы қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа әкелетін тәуекелдерді жою бойынша жалпы 21 ұсыныс енгізілді.
Департаменттің ұсынысы негізінде Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Д.Кемелов және 3 қызметкері мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметіне толық сәйкестігі еместігі туралы ескеру түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.