Жамбыл облысының Полиция департаментінде Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараның алғы сөзін облыстық ПД бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин бастап, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
⁃ Конституция мемлекет пен қоғамның дамуына кепілдік береді. Азаматтарды өз Отанына деген патриоттық сезімге тәрбиелейді. Заңды сақтау және адам құқықтарын құрметтеу мәдениетін қалыптастырады. Біздің басты міндетіміз — еліміздің негізгі заңымен жария етілген құндылықтарды сақтау. Биылғы жылы Конституцияға енгізілген түзетулер жаңа Қазақстанды құру бағытын нығайтты. Біз өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін тұтастығымызды, бірлігімізді сақтауымыз керек, — деді ПД бастығы.
ҚР Конституциясы күнін мерекелеуге орай қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, адал және мінсіз қызметі үшін 19 қызметкер төсбелгілермен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, 4 қызметкерге мерзімінен бұрын кезекті арнаулы атақтар берілді.
Марапаттар жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне үлес қосқан ардагерлерге және тәртіп сақшыларына қылмысты ашуға көмектескен тұрғындарға да берілді.
Салтанатты жиында Полиция департаментінің жас қызметкерлері ант қабылдады.
Ішкі істер органдарына қызметке қабылданған полицейлер Отанға адал қызмет етуге ант берді.