«Құда келіпті. Ерəлінің жапон құдасы келіпті, көрейік», – деп таяғына сүйенген екі кемпір мен екі келін есік алдына кеп тұрып қалды. Екі кемпірден асып кете алмай, аңсары бір көру болса да алға шыға алмай қалған жастау келін қысық көзді, жымиып тұрған жып-жылтыр дөңгелек жігітке көзін сатып қарай берді.
– Мынау баяғы трəктір міхаиник Шəн-Геннің өзі ғой. Бəрі туыс шығар, – деді таяқ сүйенген кемпір бір адым аттап.
– Тиіш, жай сөйле. Не де болса құдасы ғой.
– Не де болса Бибіханға «құдаңның келуімен» дейік, – деп кемпір алға озды. Бұл кезде құда Тəкеши қолын жуып, бұрынғыдай тарам-тарам боп тарбиып жатпаса да жасыл пəлегі қатар тартылған арықтарды жауып, көмескілеп тұрған қауындыққа беттеді.
– Құдасы тыштымханаға кеткенде құтты болсын деп кіріп шығайық, – деп шалы да, өзі де осы ауылдың үлкені – «генерал» кемпір таяғын тақ еткізіп үйге енді. Құда қара қағазбен қоршалған тыштымханадан əрі өтіп, қауындықты аралап кетті.
– Қандай тамаша. Бұл қай кезге дейін осылай жап-жасыл боп тұрады? – деп алақандай-алақандай қауын пəлегін ұстап көрді.
– Бұл сары күзге дейін осындай боп тұрады. Күзде қауынды жинап, осы пəлектермен қымтап қояды.
– Жылы болсын деп қой?
– Иə, жылы болсын деп… Күйеу баласы қайын атасының айтқан сөзін мүдірмей аударып беріп тұр. Бір кезде күйеу баланың ағасы Ғалым құдасын таңғалдырып, қауындықтың ортасында тұрып жүз грамнан тартсақ деп інісін жұмсап жіберіп еді, уысында келген бір бөтелке арақ пен үш қырлы стаканға Тəкеши қабағын шыта қарады.
– Мынадай тамаша табиғатты бүлдірмейік. Онан да фотоаппаратты əкелші, – деп күйеу баласын жұмсады. Осы кезде сумен келген тарбаңдаған құрьақаның бірі құданың алдын кескестей берді. Тəкеши таңырқай қарап:
– Арнайы жібердіңіздер ме, өзі жүр ме? – деді.
– Өзі жүр.
– Ғажап! – деп, фотоаппараттың шыртылына мінезі жеңіл құрбақаның тыным тауып шоқиып отырған кейпі көрініс боп түсіп қалды. Сол сəт ол секең етіп пəлек арасына қайта кіріп еді, артынан қуып, еңкейіп, иіліп, тағы да шырт-шырт еткізді.
– Құданың құдіреті, құдамыз бізді құрбақа құрлы көрмеді- ау, – деп қазақ құдасы інісіне қарады.
– «Құдай қосайын десе сұрамайды екен-дə», – деген сөзін ішінде іркіп қалды. Онан кейін де құдасы секектеп жиі орын ауыстырған құрбақаның əр жерде отырған кейпін шыртылдатып түсіріп алды. Ал қазақ үшін ол – арықтағы сумен ағып келген қауындықтағы құрқ-құрқ еткен құрбақа.
– Арықтың ішінде отырып бір көрейік те, – деп Ғалым інісіне қарады. Ол жыпылдатып аударып еді, қонақ жыпылдатып жауап берді.
– Неше ағайындысыздар?
– Бесеу.
– Əкей қашан қайтты дүниеден?
– Онда несі бар екен-ей? Үш жыл бұрын. Соғысқа қатысқан. Ұлы Отан соғысынан кейін жапон соғысына қатысқан.
Інісі соңғы сөйлемді аудармады. Қайын атам қас дұшпанымның алдында тұр екенмін деп қаймықпасын деді.
– Əуелі сол кісінің, үлкен кісінің бейіті алыс болмаса, басына барып шықсақ, – деді.
– Онда несі бар-ей? Өзіміз бармағалы қанша жыл. Жүр, кеттік. Құданың көңілін қалдырмайық, – деп алыстан мініп келген джипке отырып тартып кетті. Ауылдан бір жарым шақырым жердегі құмшауыт зиратты қамыс басып кетіпті. Жылда шөбін отап, алысқа апарып өртеп тұрушы еді, нарық заманына ауысқалы ол да қалды. Зиратқа кіре берісте тізерлеп отырып Құран бағыштады. Сосын əкесінің басына барып, төрт құлақты қам кесек моланың қасында тізерлеп отырып тағы да боздатты. Ғалым жақын жатқандардың бəрін атын атап айтып өтті, қандай жақындықтары бар екенін тəтпіштеп түсіндірді. Əнебір бейіт қоршалмапты да, тіпті жермен-жексен болуға айналыпты. Тəкеши елден ерек қоршалмай қалған, басында белгісі жоқ бейітке қарай бергесін:
– Бұл біздің ең жақынымыз, – деді Ғалым.
– Үлкен атамыз. Баласы нəшəндік мілитса. Сол қоршап, қада қақпай-ақ қойды əкесінің басына. Нəшəндік мілитсаға ешкім ештеңе демейді. – Інісі мүлтіксіз аударды.
– Əруақты қорғау керек. Ол сонда сені де қорғайды, – деп жермен-жексен боп томпиып жатқан төбешікті шырт еткізіп суретке түсіріп алды. Үйге қайтып келгенде былбырап піскен қойдың басы мен «мені тура» деп иір-шиір боп қазы-қарта күтіп тұр екен.
– Құда сорпаға айран қосып ішсін, – деп құдағиы Бибіхан əдеттегідей кең көңілмен жайылып жастық болды.
– Сұйық айран іше ме екен, əлде қоюын ба?
– Апам да қызық. Əрине, сұйығын, – деп кəрі шешесінің қылығына шыдас бере алмаған үлкен ұл бағжаң етіп бір қарады. Қауындықта ашылмай қалған ақ келді. Құда толтырып құйылған стаканның ернеуінен бір ұрттады.
– Алып қойыңыз, – деді Ғалым құда.
– Жоқ, мен осылай ішемін. Сіздер барлық уақытта осылай толтырып құясыздар ма? – деді қысық көзі күлімдеп, Ғалымның босап қалған қырлы стаканына үрейлене қарап.
– Енді құда келгенде неге тауыспаймыз? Құда үшін жан пида, – деп Ғалым қопаңдап қалды.
– Біз арақтың алдында сыра ішеміз. Сонда жеңіл болады, – деді Тəкеши.
– Дəу кесені толтырып сұйық айран əкелші. Сыраңды он орасын, – деді Ғалым. Сұйық айранды сіміріп салған жапон құда бет орамалымен аузын сүртіп, басын шайқады.
– Таза сүттен жасалған ғой. Ешқандай қоспасы жоқ.
– Таза жусан мен изеннің, таза құрақтың, таза шиіннің жемісі, – деп Ғалым ауылда өскен шөптердің атын мақтанып тізіп шықты. Үшеуі екі бөтелке арақ ішті. Қызып алған Ғалым:
– Бəрі де ағарған ғой, – деді.
– Жоқ, сіздердің ағарғандарыңыздың орны бөлек. Осындай өз ағарғандарыңыз тұрғанда басқанікін неге ішесіздер? Мынау орыстікі ғой, – деді бөтелкенің сыртындағы жазуға шұқшиып. Күн батқасын өзінің сағат оннан қалмай ұйықтайтынын айтып, қауындық жаққа беттеген құдаға ермей, Ғалым қалып қойды. «Тыштымханаға бір өзі барсын, ере барғаным сөкет болар» деп өзін-өзі тежеді. Інісіне ер деуге де аузы бармады. Құда, бірақ тыштымханадан шұғыл оңға бұрылып, батқан күнмен бірге қарауытып жатқан қауындықтың ортасында аяқкиімін шешіп ап, суы тартылған арық ішінде жалаң аяғымен əрлі-берлі жүрді.
– Мынау не қып жүр? Мас боп қалған ба? – деді Ғалым інісіне.
– Жоқ, табанымен таза топырақты басып жүр.
– Топырақтың бəрі таза емес пе. Сол құрбақа іздеп жүрген жоқ па? Бұл кезде күн түнге ауысып, қауындықтағы құрбақалар қосылып əндете бастаған. Құда тор-тор аяқкиімін қолына ұстап келді де, рахат күй кешкен кейіп танытып:
– Бұлар көп екен ғой. Қандай тамаша оркестр, – деп құрқылдаған құрбақа үніне елтігендей рахаттана құлақ түрді. Күнде естіп жүрген əулекі əуен қызылтаңдықтарға əсер ете қойған жоқ. Уақыт тығыз, жұмыс қауырт. Бір түнеген құда Тəкеши таңертең қайтатынын айтты.
Таңертең дастархан басында қаймағы бетінде қалқыған сүтті шәйді қолына ала алмай ойланып отырып-отырып:
– Кешегі ақ коктейльден қалды ма екен? – деді күйеу баласына бұрылып. Ол түсі бұзылып, бірден қазақшалап:
– Сұйық айран сұрап отыр, – деді.
– Əй, көк шелекті осы жерге əкеп қойыңдаршы. Құмары қанғанша ішсін. Кеше арақ өтіп кеткен ғой, – деді құдағиы жанұшырып.
– Өздерің де зорлай бердіңдер. Құдағиы сапырып-сапырып ұсынған гүлді кеседегі сұп-суық айранды сіміріп сап:
– Табиғаттың таза сусыны. Сəл тоңазытқышқа салып қойыңыздар, – деді.
– Қарап отырмай ақыл айтады, – деді Ғалым жақтырмай.
– Сұрашы, кетераяққа қалай қарайды екен? Жөпелдетіп жапонша аударған күйеу баласы іле жауабын алды.
– Жоқ, мен үшін мына ақ коктейльден артығы жоқ. Нағыз қазақтың арағы. Сіздер өз арақтарыңыз тұрғанда басқанікіне неге құмарсыздар?! Інісі күле отырып аударып еді, ағасы қабағын шытты.
– Бізге ақыл айтатын кім бұл?! Қызын бергенін біліп, артын қысып отырмай ма. Онан да қызының бақыты үшін бір рет алып қоймай ма? – деп еді, інісі өңін айналдырып, «Ішем десе арақ дайын» деп аударды.
– Жоқ, жоқ, – деп ол қолын жүрегіне қойып келіндей иілді.
– Əй, жолынан қалдырмай, құданың алдына китін қойсаңдаршы, – деді кейуана шешесі. Ең тəуір деген қытайдың кастөм-шалбарын төрт бүктеп алдына əкелді. Оның мəнін күйеу баласы түсіндірді. Қайын атасы қап-қара кастөмнің жағасын ұстап:
– Қытайдың фабрикасінікі. Бұлар бəрін жаулап алды, – деді.
– Не деп отыр? – деді айтқаны болмай, сіркесі су көтермеген ағасы.
– Қытайдікі екенін танып отыр. – Қытайдан басқа неміз бар қазір. Ілкі сəтте Тəкеши құда Ғалым құдасына қарап бірдеңе деп былдырлап еді, күйеу баласы Манаттың екі беті алмадан бетер қызарып кетті де, басы салбырап отырып сөйледі.
– Мен мына сыйлықтарыңды алмай-ақ қояйын. Менің қалауым бар дейді.
– Айтсын, – деді ағасы інісінің сөзін ақырына дейін тыңдамай.
– Кешегі қауындықтағы құрбақаны сұрайды. Алып кетсем дейді.
– Оны қайтеді екен?
Інісі аударып еді, қайын атасы ағынан жарыла сөйледі.
– Менің коллекциямда Орта Азиядағы жылан мен тасбақа бар. Мынадай құрбақа жоқ еді. Біз оның өмір сүруіне бар жағдайды жасаймыз, ол өз ажалынан өледі. Өлгесін қатырып, мұражайға қоямыз. Құрметтейміз. Қайдан алғанымызды, кімнен алғанымызды астына жазып қоямыз.
– Құдамнан алдым десін. Мен бұған бір қабын ұстап берейін.
Ғалым мақтанғанмен, құрбақа ұстатпады. Құда бастап арықтың ішіне қол созғанмен, секең-секең еткен бір уыс жəндік алақанға ілікпеді, ұстай бергенде секең етіп секіріп кетіп, құшағын ашқан күйі етбетінен түсті. Ақ көйлектің омырауы қоймалжың батпаққа былғанған ол «Тап əкеңнің аузының қорлығы-ай, ə!» деп боқтады. Сосын «Ешкім көрмесін,
ешкім естімесін», – деді. Інісі де шалт қимылдап шап бергенмен, жат-жұрттық боп кеткен оны да туған жерінің жəндігі маңына жолатпады.Сосын Тəкеши құда «Тсс-с!» деп қос қолын көтеріп бəрін тыныштыққа шақырып, жылтыр қалта сұрады. Манат жүгіріп барып жылтыр қалта əкелгенше, ол шырт-шырт еткізіп селт тұрған жəндікті əлденеше суретке түсіріп алды. Сосын жылтыр қалтаны ортан беліне дейін түріп, дəл тіл табысқан ескі таныстардай иіліп, жəй-жəй басып келді де, көзі бір нүктеден ауытқымай тұрған құрбақаның басына төңкере сап аузын буды. Қазақ құда жапон құдасының майдан қыл суырғандай мəттақамдығына таңғалды. Сосын арықта ұйысып өскен көк шиінді уыстап жұлып ап жылтыр қалтаға салды.– Бұл Жапонияға жеткенше жеп баратын тамағы ғой, – деді күлімдеп. Келгелі таңғалмаған Ғалым құдай қосқан құдасының нəзік болмысына аузын ашып, көзін жұмды. «Ауылдағы кəрістердей емес, бəрін біліп істейді екен» деп бас шайқады. Жылтыр қалтаға салған қалауының сыртынан тағы бір жылтыр қалта кигізіп, оның сыртынан үлкен қалтамен орап ап, құда жолға шықты. Мəшинеге мінерде қолын жүрек тұсына қойып, əрқайсысына жеке-жеке келіннен бетер иіліп, қоштасты. Кір жайып жүріп иіліп-бүгіліп, суы мөлтектеген кірдің тасасында қысылып-қымтырылып тұрған жас келіндерге қолын көтерді. Сөйтіп, бүкіл ауыл жапон құданы жолға шығарып салды. Машина гүр еткенде Ғалым құданың іші шым етті.
«Сол құрбақаны тағы бір көретін екен. Кешке таман құрқ-құрқ етіп, қауындықтың көркі еді. Қадіріңді сыртқа кеткенде білеміз-ау. Қазақтың қауындығындағы бір құрбақа кеміді», – деп маңғаз басып, суы кеуіп, қауын пісікке бет бұра бастаған арықтардың арасын қарады.
– Қауынға су алғанда, арқасы көрініп жүрген балықты ұстамаушы едіңдер. Көрдіңдер ме, өздеріңдей жапонның құрбақаға дейін құр қалдырмағанын.
– Алса, құда ғой.
– Кит кимейтін, қалыңмал дəметпейтін, əйтеуір, кергіп мазаны алмайтын құдаға тап қылған Құдайға мың шүкір! – деп кейуана орындықты қозғалтып қойып, бір нəрсені ұмытқандай селк етіп келініне бұрылды.
– Қап, құдаға неге бір қалта күріш сап бермедіңдер? Қуыс үйден құр шығарып.
– Китін алмаған құда күрішті қайтсін. Олардың есігінің алды мен там төбесі сыңсып өскен күріш. Олар адамнан кейін жылан мен құрбақаны құрметтейді. Апам құдасына барғанда құрбақасын танып, көз жасын сығып ап жүрмесе…
– Құдай соған жеткізсін. Құданың аулын да көрерміз, амандық болса. Шəй қойыңдаршы-ей, бір өзді-өзіміз боп рахаттанып отырып шəй ішейік. Арақ іше бергенше əлгі жапон құда секілді неге ағарған ішпейсіңдер? – деп қауындық жақтан қалған арақты көрсетпей қағып сап келген үлкен ұлдың аузының иісін сезіп қап секемдене сөйледі.
– Құдаң аузыңа түкіріп кеткен бе?! – деді баласы тілі күрмеліп. Кейуана «Көрсеткеніңе шүкір!» деп тағы қайталады. «Осылардың алдында алса» деп белгісіз біреуге наз айтқандай болды. Сары самауыр тезірек қайнаса екен деп, жерде жатқан сексеуілдің жігеріне де көмескі жанармен бір қарап қойды.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.