Ұлыстың ұлы күніне орай Таразда көптеген танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай шаралардың легі бүгін Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Ұмыт болған оюлар» атты құрақшылар фестивалімен жалғасты.
Алдымен қала әкімі Бақытжан Орынбеков қолөнершілердің туындылары орналастырылған көрмені тамашалап, ізгі лебізін білдірді.
– Қазақ халқының ою-өрнек өнері – әлімсақтан бері халқымызбен жасасып келеді. Сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани танымымен де астасып жатыр. Ою-өрнек – қазақ елінің мәдени дамуының шежіресі. Оның көне атауы – халықтың тарихы мен мәдениетін, ұлттық ерекшелігін, дүниетанымын сипаттайды.
Қазіргі жаһандану дәуірінде біздің қазақы ою-өрнегіміздің біршама түрі ұмытылып барады. Бұл өте өкінішті. Себебі бүгінгі өскелең ұрпақ қазақтың осы баға жетпес құндылығының маңызын түсініп, санасына тоқуы қажет.
Бүгінгі фестивалге қатысушылар ұмыт болған ұлттық құндылығымызды ұлықтап, келешек буынның санасына сәуле ұялатады деген сенімдемін.
Шараға қатысқан барша аналарға алғысымды білдіремін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы байқау жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы марапаттарды табыстады.
Фестиваль аясында «Шапағат» медалінің иегері, кәсіпкер Анар Бексұлтанова мен шәкірттерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылып, шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Шара соңы концерттік бағдарламалармен түйінделді.