Қазақ халқы қашан да дінін берік ұстап, дәстүрін сақтаған ел. Соның дәлелі ретінде Жуалы ауданында өткен «Ақ бата» байқауын айтуға болады. Сайыста 14 үміткер бақ сынап, өзара жарысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Бата беру байқауы басталмас бұрын аудан ардагерлері және облыстан келген қонақтар даңқты қолбасшы, Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым жасады. Шараны өткізудегі мақсат, ауыз әдебиетінің үлкен саласы, сөздің асылы, ақ тілектің атасы, бата беру дәстүрін жас ұрпаққа жеткізу және жалғастыру. Жарыс, «Бата – сөздің атасы», «Ақ бата – асыл мұра» және «Айтарым бар…» деп аталатын үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Сайыстың алғы сөзін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев алып, жиналғандарды рамазанмен құттықтап, сәттілік тіледі.
Байқау жүлдегерлері мен қатысушыларын, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі және ұйымның жанынан құрылған билер кеңесінің төрағалары, ел ағалары –салтанатты түрде марапаттады. Жарыс қорытындысы бойынша, бас жүлде Билікөл ауылдық округінің атынан сынға түскен Сейітқазы қажы Медетбековке берілді. Жүлделі бірінші орынға Дәулетжан Байдалиев жайғасса, екінші орынның екі жүлдесін Б.Момышұлы ауылы және Жетітөбе ауылдық округінен қатысқан үміткерлер – Мұратқали Рахметов және Шарханбек Қожаназаров иеленді. Ал, үшінші орынның жүлделері Аманжол қажы Дүрәліұлына және қарасаздық қария Оңғарбек Қорғанбайға берілді. Аудандық кезеңінен үздік шыққан үміткерлер алдағы маусым айында, Тараз қаласында өтетін облыстық байқауға жолдама алып, ауданның намысын қорғайтын болады.