Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты.
Баласағұн ОКЗ-да өткен шараға құзырлы орган басшылары, әскери қызметшілер, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Ұлттық ұлан және шекара қызметінің өкілдері мен облыс тұрғандары қатысты.
Жамбыл облысының әкімі шараға қатысушыларды Отан қорғаушы күні мерекесімен құттықтап, айтулы дата ел әскері мен оның айбынын асқақтатуға ықпал ететінін атап өтті.
Ербол Қарашөкеев тәуелсіз елдің айбынды сарбаздары бабалардың батырлық пен ерлік жолын абыроймен, лайықты жалғастырып келе жатқанын баса айтты.
Сондай-ақ, су тасқыны орын алып, төтенше жағдай жарияланған аймақтарда әскерилер алдыңғы шепте жүріп, қол ұшын созып жатқанын жеткізді. Олардың қатарында жамбылдық әскери қызметкерлер де бар.
Салтанатты жиында аймақ басшысы бірқатар әскерилерді, өрт сөндірушілер мен волентерлерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік шара К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.