Таразда сабантой мерекесі тойланды

0 2

Бүгін Тараздағы «Мамыр» саябағында «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы «Сабантой» ұлттық мерекесін кең көлемде тойлады.
Ертеден тойланып келе жатқан мерекеге бұл күні қалың көпшілік жиылып, татар-башқұрт халқының дәстүрлерімен танысып, бірлікті дәріптеді.
Достықты ту еткен мерекелік кешті облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестінінің ақсақалы Рәфкәть Измайлов ақ батасымен ашса, тыл ардагері Миннигуль Ишболдина «Казахстан – наш общий дом» атты өзінің шығармасын көпшілікке оқып берді.
Салтанатты шарада облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ басшы орынбасары Сәуле Құрманқұлова, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі Алпысбай Смайылов, өңірлік этномәдени бірлестік жетекшілері барша жиналған қауымды мерекемен құттықтап, еңбек мерекесінің маңызына тоқталып өтті.
Сондай-ақ, шарада Татарстан республикасынан арнайы келген халықаралық конкурстар лауреаты Альбина Мусина әуезді әндерімен кеш көркін келтіре түсті.
Татар халқының ұлттық ойындарымен бастау алған шарада түрлі этностар биі биленіп, әндері шырқалды.
Сондай-ақ, дәстүрлі шараны ұйымдастырушы «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалы төрағасы Фарида Нақышқа Татарстан басшысы Рустам Миннихановтың мерекелік арнайы құттықтауы тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.