Сенат Төрағасы Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесті

0 3

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысының мәслихат депутаттарымен және жергілікті жұртшылықпен кездесті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мәселелері және өңірлердің әлеуетін арттыруға ықпал ету бағытында мәслихаттармен бірлескен жұмыстың жаңа басымдықтары талқыланды. Палата Спикері облыс аудандарына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысымен де танысты. Сондай-ақ өңірдіҚң өнеркәсіптік орындары мен Тараздағы облыстық әлеуметтік оңалту орталығында болды,-деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі ҚР Парламенті Сенатының ресми сайтына сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев облыстың мәслихат депутаттарымен кездесуде Мемлекет басшысы бастамашы болған реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз ету үшін Палата мен жергілікті өкілді органдардың өзара іс-қимылын одан әрі арттыру маңызды екенін атап өтті. Ел Президенті өзінің Жолдауында және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында облыстарды өркендету, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту үшін тиісті жағдай жасау қажеттігіне ерекше назар аударды.

Сенат Төрағасы атап өткендей, Жамбыл облысы – қазіргі таңда экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің бірі. Аймақтың осындай әлеуетін белсенді іске асыру жолында депутаттар мен жұртшылық бірлесіп күш жұмылдыруға тиіс. Бұл ретте өнеркәсіптік өндірісті ұлғайтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған тетіктер мен жобалар айрықша мәнге ие.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инвестиция тартуға және жаңа технологияны енгізуге қатысты нақты міндеттер жүктеді. Осы басымдықтарды жүзеге асыру аясында бүгінде өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылып жатыр. Қазіргі таңда Жамбыл облысында өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, әлеуметтік инфрақұрылым сияқты маңызды салалар серпінді дамуда. Денсаулық сақтау және білім беру нысандары салынып, басқа да бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Сенат алдағы уақытта Жамбыл облысынан сайланған және басқа да депутаттармен бірге өңірдің жан-жақты дамуына қолдау көрсете береді», – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат заң шығару қызметіне мәслихат депутаттарын белсенді жұмылдыруға және өңірлердегі өзекті проблемаларды шешуге жәрдемдесуге баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті. Осыған байланысты Палата жергілікті өкілді органдармен бірнеше бағыттағы тығыз жұмысты әрі қарай жалғастыра береді. Сенат Төрағасы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту үшін ортақ күш-жігер мен кешенді тәсілдерді қажет ететін алдағы негізгі міндеттерге де тоқталып өтті.

«Сенаттың Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңесінің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеп берген міндеттер талқыланып, мәслихаттарды одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Жалпы, мәслихатар өңірлерді дамыту және Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру жолындағы маңызды институттардың бірі болуға тиіс. Азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту және еліміздің дамуына жағдай жасау – біздің ортақ мақсатымыз. Осы жолда сіздердің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңыз заң шығару үдерісін жетілдіруге елеулі үлес қосып, өңірлерді өркендетуге қатысты мәселелерді тиімді шешуге ықпал етеді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сапар аясында сенаторлар Жамбыл облысының дарынды және белсенді жастарымен жүздесті. Онда ел Президентінің бастамасымен іске асырылып жатқан жастарды қолдауға арналған ұлттық бағдарламалар мен заңнамалық шаралар әңгімеге арқау болды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жас буынның елді жаңғыртуда елеулі рөл атқаратынын айтып, қазіргі таңда жаңа көзқарастар, ғылыми ізденістер, тіл үйрену, заманауи цифрлық технологияларды зерделеу, жасампаз құндылықтар мен прогрессивті идеяларды сіңіру аса маңызды екеніне назар аударды.

«Біз қазір білім және ғылым заманында, инновациялық технологиялар мен тың жаңалықтар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Осы кезеңде елімізде өзін-өзі дамытуға, жаңа дағдыларды меңгеруге, қабілетті шыңдауға, білім көкжиегін кеңейтуге, оның ішінде онлайн-оқуға барлық жағдай жасалған. Мұндай мүмкіндікті құр жібермеу керек. Сондай-ақ жеке тұлға ретінде қалыптасудың тағы бір маңызды тетігі – дұрыс құндылықтарды бойға сіңіру. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы осындай қағидаттарға табан тірейді. Сондықтан, ең алдымен, материалдық емес, интеллектуалдық капитал жинауға күш жұмсап, үздіксіз білім алуды әдетке айналдыру қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Палатаның жастарды қолдау бағытындағы жұмыстары жөнінде де айтып өтті. Бұл ретте жас белсенді азаматтарды мемлекеттік басқару саласына тартудың және тиісті жобалар мен заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы олардың әлеуетін арттырудың маңызы зор екені анық. Кездесуде Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» сияқты қоғамдық жобалар осы мақсатты көздейтіні айтылды.

Сонымен бірге Палата Спикері облыстық әлеуметтік оңалту орталығына барып, оның қызметімен танысты. Мұнда 18 жастан асқан бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және қарттығына байланысты өзіне қызмет көрсете алмайтын жандарға тиісті жағдай жасалған.

Өңірге сапар барысында Сенат депутаттары Байзақ ауданында орналасқан «Мейірім» балабақшасына да барды. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында жабдықталған нысан 25 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Бүгінде аталған балабақшаға ауылдағы 125 бала барады.

Сенаторлар «JS GLASS» шыны зауытының және ауыл шаруашылығына арналған фторсыздандырылған фосфат өндіретін «Минералды тыңайтқыштар» кәсіпорнының ұжымдарымен де кездесті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.