Әдебиет – ұлттың рухани тірегі, ал қаламгер – оның шырақшысы. Бүгін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқу залында белгілі жазушы-драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Елен Әлімжанның 80 жылдығына арналған кеш өтті.
Мәдени шараға ардақты қаламгердің өзі қатысып, шығармашылығы мен өмір жолы жайлы кеш қатысушыларымен ой бөлісті. Тағылымға толы шарада аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, театртанушы Айзат Қыдыралы, жергілікті ақын, сазгер Жанатбек Тұрғынбай, қоғам қайраткерінің сыныптасы Шалбай Ибраимов болды.
Кеш шымылдығы «Қазақ руханиятының жанашыры» атты виртуалды кітап көрмесімен ашылып, онда жазушының әдеби мұрасына шолу жасалды. Рүстем Қалмұхамбетұлы сөз алып, қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады. Әдебиет, журналистика саласында өшпестей із қалдырып, мәдениет пен руханияттың дамуына өз үлесін қосып, аянбай еңбек етіп келе жатқанына алғысын білдіріп, аудан әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстады. Бұдан әрі әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі Марлен Купешовтың орындауында «Қайран Баукем», «Тағзым ұлы Абайға Жидебайда» әндері шырқалды.
Қаламгер өзі туралы сөз қозғап, әдеби мұрасы мен қоғамдық қызметі жайында кеңінен атап өтті. Әдебиеттің маңызы мен ұлттық құндылықтарды сақтау қажеттігін, әдебиеттің жастарға берер тағылымы мол екенін айтып, жас буынды кітап оқуға шақырды. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, шығармашылық жолының қыр-сыры талқыланды. Кеш қонақтары Жанатбек Тұрғынбай, Шалбай Ибраимов жазушының оқушы кезінен кітап оқуға құштар болғанын, ерен еңбегінің арқасында драматургияда, проза мен публицистикада өзіндік қолтаңбасына ие болғанын мақтаныш етті. Мәдени шара әнші Алмахан Исабековтың орындауындағы «Атамекен» әнімен түйінделді.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.