Байзақ ауданы Мырзатай ауылында мәдениет ошағы ашылды

0 2
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданы Мыртазай ауылындағы 120 орындық клубтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. 
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекет тарапынан рухани құндылықтарды сақтау мен дамытуға, ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Байзақ ауданында бүгінде 40-қа жуық мәдениет ошағы бар. Әрбірі – ұлт өнерінің көмбесі, бабадан қалған мұраның ордасы. Алдағы уақытта Ақжар, Ақшолақ және Базарбай ауылдарында да мәдениет нысандары салынады деп күтілуде.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Мырзатай ауылынан елімізге танымал, қайталанбас өнер иелері шыққан. Сол өнер жолын жаңа ауылдық клубта тәлім алып жатқан жас ұрпақ лайықты жалғастырады деп сенемін, – деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.
Жаңа клубтың құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, оны «Ник Тараз» ЖШС салған. Жоба құны – 256 млн теңге. Нысанда 6 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда ән, би, мәнерлеп оқу үйірмелерімен қатар, «Асыл әжелер» тобы да жұмысын бастады.
Бұған дейін мырзатайлықтар мәдени-танымдық іс-шараларды ауыл әкімдігіне жапсарлас ескі ғимаратта өткізіп келген. Енді тұрғындар заман талабына сай жаңа клубтың ашылғанына дән риза.
– Ауылымызда халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Көшелеріміз жарықтандырылып, жол жөнделді. Медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Енді, міне, мәдениет үйі де бой көтеріп отыр. Бұған дейін ауылда жеке мәдениет ошағы болмаған еді. Бұл – тұрғындар үшін үлкен қуаныш, – дейді ауыл тұрғыны Оразбай Дәлібаев.
Айта кетейік, өткен жылы Жамбыл облысында 8 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 4 нысанның құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 7 мәдениет ошағы ел игілігіне берілмек.
Leave A Reply

Your email address will not be published.