Еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлау – педагогтар мен оқу орындары алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта Қаратау құрылыс-техникалық колледжі базасында жаңа «Автотехнопарк» ғылыми-шығармашылық орталығы ашылды.
Жаңа орталық колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, студенттердің тәжірибелік білімін арттыруға және теорияны өндіріс үдерісімен ұштастыруға бағытталған маңызды жоба болып табылады. Ашылу салтанатында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков сөз сөйлеп, бұл бастама болашақ мамандарды даярлауда үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Оның айтуынша, сапалы білім беру үшін мықты педагогикалық құраммен қатар заманауи жабдықталған материалдық база да аса қажет.
Сонымен қатар ол оқытушылар мен студенттерді жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, техникалық бағыттағы білім сапасын арттыруда мұндай жобалардың маңызы зор екенін жеткізді. Салтанатты жиында Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің әлеуметтік серіктесі – «Фортис Констракшн» ЖШС директоры Бекмұрат Байболов та сөз алып, бұл орталықтан білікті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар шығатынына сенім білдірді.
Іс-шара барысында аудандық «Talas tynysy» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов пен Бекмұрат Байболов жаңа нысанның лентасын қиып, орталықтың ресми ашылуын жария етті.
«Автотехнопарк» заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда екі оқу кабинеті, спортпен айналысуға арналған арнайы бөлме, көлік бояу және жүріс бөлігін тексеру шеберханасы, автокөлік шанағына қызмет көрсетуге арналған роботтандырылған құрылғы, сондай-ақ қозғалтқыш майын ауыстыруға арналған арнайы орын қарастырылған. Барлық құрал-жабдықтар заманауи үлгіде жабдықталып, студенттердің сапалы тәжірибе алуына толық мүмкіндік жасалған.
Бұл орталық «Автокөлік ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан 52 студент үшін үлкен тәжірибелік базаға айналмақ. Ол теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, жас мамандарды кәсіби тұрғыда шыңдауға мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы орталық жұмысымен танысып, колледж түлектерінің жұмыссыз қалмауы үшін материалдық-техникалық базаны үздіксіз жаңартып отырудың және әлеуметтік серіктестер санын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бастамалар өңірдегі техникалық мамандар тапшылығын азайтуға және білім мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге оң ықпал етеді.