Талас ауданы Үшарал ауылында медициналық пунк ашылды. Нысан — Жамбыл облысының 80 жылдығына орай тұрғындар игілігіне пайдалануға тапсырылды,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында бой көтерген нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаев келіп, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
–Бүгінгі игілікті істі ел Тәуелсіздігінің жемісі деп түсінуіміз керек. Алдағы уақытта аудан орталығына бармай-ақ тұрғылықты жерден ем алу мүмкіндігі туып отыр, -деген Серік Ералыұлы медициналық пунктің жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, шарада сөз алған ауыл ардагері Әмірбек Омаров тұрғындардың ризашылығын жеткізіп, мерекелік лебізін білдірді.
Айта кетейік, медициналық пунктің құрылысын «Ақтөбе» ЖШС жүргізген. Шара барысында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры символикалық кілтті салтанатты жағдайда табыс етті.